ИНСТИНКТ

lat: INSTINKT

гректің сөзі, қазақшалағанда «соқыр сезім» деген мағынаны білдіреді. Бұл жануарлардың күрделі туа біткен іс-әрекеті, оның көмегімен өз қажеттілектерін қанағаттандырады.

Мәселен, өрмекшілер ерекше шеберлікпен өзінің өрмегін тоқиды, бірақ та олар алдын ала бұл өнерге үйренген емес. Бал арасы орасан зор математикалық дәлдікпен омартасының құрылысын салады. Кейбір жануарлардың түрлері, әсіресе, жәндіктер өз ұрпақтарын көрмейді, бірақ алдын ала жұмыртқа саларда өз тұқымы үшін ыңғайлы үй және тамақ дайындайды, ол дүниеге келген тұқымы жеткілікті дамуы және өз бетімен жетілуі үшін істеледі.

Мәселен, жазғытұрым жол бойында немесе жанында қара қоңыздың жұбы тамағын шар түрінде домалатып бара жатқанын аңғарамыз. Бұл шар – болашақ дүниеге келетін тұқымы үшін істеліп жатқан қарекеттер. Шарды белгілі көлемде домалатады. Аналық қара қоңыз шардың ішіне жұмыртқа салады, содан кейін оның аузын жауып, бітегеннен кейін, осы шарды қауіпсіз жерге домалатып апарып қояды.

Біршама уақыт өткеннен соң, шардың ішіндегі жұмыртқадан кішкентай құрттар шығады. Құрт шардың өзімен қоректенеді де өсіп отырады. Шардың ішін кеміріп, кішкентай қоңыз кеңшілікке шығады. Инстинктер қалыптаспайды, әрі күнделікті өмір барысында оларды жаттығулар арқылы қалыптастыруға болмайды, ол туа біткен қасиет, тұқым арқылы ата-аналарынан беріледі. И.П.Павловтың ілімі бойынша, инстинктер – бұл сол шартсыз рефлекстер, оларға қарағанда табиғаты күрделірек. «Қазіргі кезде, – деп жазды И.П.Павлов, – толықтай анықталды деуге болады, демек, инстинктер дегеніміз – сол рефлекстер, тек бірнеше жиі күрделі құрамнан ғана тұрады».

Инстинктер – бұл әртүрлі шартсыз рефлекстерден тұратын тізбекті рефлекстер, әрбір рефлекстің қозғаушы бөлігі кейінгі рефлекстер үшін тітіркендіргіш болып табылады. Жануарлар инстинктерінде бізді таң қалдыратыны олардың органикалық мақсаттылығы болып есептеледі. Бірақ жануарлар инстинктерінің мақсаттылығы ерекше шектеулі. Жануарлар инстинктері таптаурынды түрде іске асады.

Мәселен, өрмекші тоқыған торына түскен шыбынды бас салып, оны жеп қояды. Бірақ өрмекші мен шыбынды торда емес, стаканға бірге салып қойса, онда өрмекші шыбыннан қаша бастайды. Инстинктердің шығуын алғаш рет түсіндірген Ч.Дарвин болды. Оның ілімі бойынша, инстинктер жануарлардың ұзақ эволюциялық даму үрдісінде, сыртқы ортаға бейімделуде өмір жағдайларына байланысты қалыптасады.

Инстинктер жануарларды қоршаған ортаға бейімделуді және өмірлік қажеттіліктерін қанағаттандыруды қамтамасыз етеді. Ақтиін инстинктіге бағына отырып, өзіне ұя жасайды және тамақ жинайды. Құс та әртүрлі күрделі әрекеттерді жасай отырып, ұя салады, сондай дәлдікпен, бірақ алдын ала оған үйретілмеген болса да бал арасы омарта жасайды, көптеген бақылаулар мен зерттеулер көрсеткендей, өзгерілген өмір жағдайында жануарлардың инстинктивтік іс-әрекеті өте қажеттіден мағынасыз әрекетке айналады.

Егер де жұмыртқа басып жатқан гагарлардың жоқ кезінде ұяда жұмыртқаларын басқа жаққа ауыстырып, орнына дөңгелек тастарды қойса, ол тастың үстіне отыра береді, өз жұмыртқаларының жоқтығына мән бермейді. Мәселен, жұмысшы құмырсқамен мынадай бақылау жүргізіп қарайық, олар тамақтарды бүкіл жаз бойы өз індеріне жинақтайды. Алып келген тамағын інге кіргізбестен бұрын сыртқа қойып, іннің ішіне кіріп шығады, содан кейін кіргізеді. Ішке кіріп кеткенде әлгі тамағының орнын басқа жерге ауыстырып қойсақ, оны сол жерге қайта алып келіп, қойып, тағы да інге кіріп шығады, оны тағы басқа жерге ауыстырсақ, сол әрекетті қайталай береді. Бұл құмырсқаның іс-әрекеті, соқыр сезім арқылы орындалғандығын аңғару қиын емес.

Мәселен, жаңа туған малдың (қойдың) төлі немесе иттің күшіктері туған бойда анасының бауырына ұмтылады, енесінің емшегін іздей бастайды, тауып алып, емеді. Малдың жас төлінің іс-әрекеті белгілі бір сигналға байланысты. Осының бәрі шартсыз рефлекстің нәтижесінде іске асып отыр. Тұқым қалдыру инстинктері өте күрделі, сонымен қатар жыныстық, тамақ, қорғаныс инстинктерін көптеген омыртқалыларда кездестіруге болады. Ұя салу және өзінің тұқымын күту құстарда және бауырымен жорғалаушыларда белгілі бір мақсатта іске асады.

Бірақ бұл мақсаттылық таза сыртқы факторларға байланысты. Жануарлардың қылықтары ортаның өзгеруіне байланысты аз-кем өзгерістерге ұшырайды. Жағдайлардың өзгеруіне байланысты кейбір құстар мен бауырымен жорғалаушыларда инстинктілік іс-әрекеттің салдарынан дұрыс дамып келе жатқан іс-әрекеті бұзылады.

Мәселен, құстар өз балапандарын тастап кетуі мүмкін, сүтқоректілер өз тұқымын шайнап тастайды. Жануарлардың қорғаныс қылықтары инстинктілік сипатта болса, өзіндік ерекшелігі бар. Оған көптеген мысал келтіруге болады. Мәселен, Америкада түсі қара кішкентай аң өмір сүреді, оның бір ерекшелігі барлық аңдардың шабуылынан қорғануын сақтандырған, аңдар оны алыстан арқасындағы ақ сызықтан біледі.

Бұл – скунс деген аң. Табиғат оны ерекше қорғану қасиетімен ерекшелеген. Ол өз жауларынан қорғану үшін улы, исі ащы сұйық затта шығарып отырады. Қауіп төнген жағдайда өз жауына арқасын беріп, қанатын жайып, сұйық улы затты ауаға жібереді. Бірнеше сағат бойы ең ірі жыртқыштар «есінен айырылып қалады». Америкада барлық аңдар скунсқа тимейді. Бұл жануарларда туа біткен инстинктілік іс-әрекеттер болып табылады. Осыған байланысты жануарлардың туа біткен қылықтарының түрлерін зерттеген этологтардың еңбектері ерекше қызығушылық туғызады. Осы бағыттағы ғалымдардың зерттеулері көрсеткендей, инстинктілік іс-әрекет белгілі сигналдардың нәтижесінде болатындығын атап өткен жөн.