ИНТЕРНАЦИОНАЛ

lat: INTERNASIONAL

халықаралық саяси бірлестік, саяси партиялардың және қозғалыстардың одағы (әдетте, солшыл бағыттағы). Бірінші интернационалды (Жұмысшылардың халықаралық серіктестігі) 1864 ж. Лондонда К. Маркс пен Ф.Энгельс құрды. Конгрестер Женевада (1866), Лозаңнада (1867), Брюссельде (1868) және Базельде (1869) өтті. 1871 ж. Бірінші интернационал қолдаған Париж Коммуннасының жеңілісінен соң, Гаагадағы 5-ші конгрестің (1872) шешімімен Бірінші интернационалдың жетекші органдары АҚШ-қа жіберілді. 1876 ж. ол ресми түрде таратылды. Екінші интернационал (Социалистік партиялардың халықаралың бірлестігі) 1889 ж. Парижде құрылды. Оны құруға Ф.Энгельс атсалысты. Конгрестер Парижде (1889), Брюссельде (1891), Цюрихте (1893), Лондонда (1896), Парижде (1900), Амстердамда (1904), Штутгартта (1907), Копенгагенде (1910), Базельде (1912) өтті. 1919 ж. I дүниежүзілік соғыстан кейін және Ресейдегі төңкерістік жағдайлардан кейін бірнеше жекелеген одақтар мен қозғалыстарға бөлініп кетті (Коминтерн, Берндік интернационал, «Интернационал 21/2-ші», Социалистік жұмысшы интернационал). Үшінші (Коммунистік) интернационал (Коминтерн) өзін Бірінші және Екінші интернационалдардың тарихи мұрагері санаған, коммунистік партиялардың халықаралық бірлестігі, негізі 1919 ж. Мәскеуде қаланды. Оның құрылуына В.И. Ленин қатысты. Конгрестері Петроградта Мәскеуде (1920), Мәскеуде (1921, 1922, 1924, 1928, 1935) болып өтті. 1943 ж. мамырда II дүниежүзілік соғыстың қызған шағында Коминтерн атқару комитетінің Президиумы Коммунистік интернационалды тарату жөнінде шешім қабылдады. Төртінші интернационал 1938 ж. Парижде Л.Д. Троцкийдің қолдауымен құрылды. Бірқатар солшыл бағыттағы, негізінен, троцкийлік бағытты ұстанушы партияларды біріктірді. Кейіннен коммунистік сипаттағы қозғалыстар мен партиялардан идеологиялық ерекшеленетін бірнеше тәуелсіз топтарға бөлініп кетті.