елдер мен ұлттар арасындағы ынтымақтастық идеяларын дамытушы саяси және идеологиялық принцип. Интернационализм принципі коммунистік және социалистік партиялардың маңызды идеологияларының бірі болды (пролетарлық интернационализм). Коммунистік интернационализм тап күресімен тығыз байланыстырылды: халықаралық ынтымақтастық тек езіп-жаншылған таптарға арналды; билеуші таптардың халықаралық бірлесу талпыныстары теріс бағаланды. Бұл тұрғыда интернационализм космополитизмге қарсы қойылды. Бұл көзқарастардың сарқыншағы жаһандану процесі мен идеяларынан бай елдердің кедей елдерге қарсы астыртын сөз байласуы деп қарайтын қазіргі жаһандануға қарсы қозғалыстардың іс-қимылдарынан керініс табуда. Интернационализм принципі сондай-ақ барлық халықтардың теңдігі, еркіндігі және тәуелсіздігі жайлы, халықтар арасындағы әріптестіктің қажеттігі туралы, нәсілшілдікке, шовинизмге, ұлтшылдыққа қарсы тұру, басқыншылыққа қарсы күресу, мәдениеттер диалогының қажеттігі жайлы сөз саптауларды (көбіне демагогиялық) қарастырды. Интернационализм әртүрлі ұлттардың ортақ мүдделігін, олардың ортақ мақсаттар мен міндеттерді жүзеге асыруда ынтымақтастығын және әріптестігін білдіреді. Интернационализмнің объективті негізі экономиканы, ақпараттық алмасуды, ғылыми-техникалық және мәдени дамудың интернационализациялану процесі. «Интернационалдық» ұғымын алғаш рет ағылшын құқықтанушысы әрі философы И. Бентам енгізді. Ол марксистік идеологияда кеңінен қолданылды. Пролетарлық интернационализм әртүрлі ұлт пен нәсілдегі жұмысшы табының ынтымақтастығын білдірді, халықаралық коммунистік қозғалыстың идеялық негізін қалады. Кеңес одағында социализмнің қоғамдық құрылысы ретінде орнықты, содан кейін бірқатар Еуропа, Азия, Америка елдерінде интернационализм тек социалистік құбылыс ретінде қарастырыла бастады. Социализмнің қирауы және коммунистік қозғалыстардың дағдарысы «интернационализм» ұғымына теріс көзқарас қалыптастырды. Осы тұрғыда интернационализм ретінде саясаткердің әртүрлі ұлттардың, халықтардың, мемлекеттердің күш-жігерін біріктіруге, мүдделерін сәйкестендіруге талпынған әрекеті түсініледі. Алайда, саяси теорияда және тәжірибеде кейде интернационализм деп шын мәнінде жалған интернационализмді түсініп жүрді. Интернационализмге қарама-қарсы ұғым ұлтшылдық.