дауыс толқыны, сөйлегенде сөз мағынасын әсерлі жеткізу үшін дауыстың құбылып, жоғарылап, төмендеп өзгеріп отыруы, сөздің мәнерімен, әр түрлі сезіммен айтылуы. Сөздің көтеріңкі леппен, салтанатты түрде, не терең ойға шомып, сабырмен, байсалды қалыпта немесе нәзік сыршыл сезіммен айтылуға орай дауыс толқыны да бірде биіктеп, өршеленіп, бірде төмендеп, бәсеңдеп, сөздердің үнділігін, саздылығын ұдайы өзгертіп отырады. Дауыс толқынының өзгешелігі дауыстың көтеріліп төмендеу қалпынан, сөздің, сөз тіркестерінің қандай сазбен, қандай жылдамдықпен айтылуынан, дауыстың өзіндік бояу-реңкінен, құбылмалы әсерлігінен тағы сол сияқты белгілерден айқын аңғарылады. Дауыс шексіз мол болады, шаттану, қуану, мұңаю сияқты күйі қандай шексіз мол болса, олардың әрқайсысына сәйкес толқынның өзгеруі, түрленуі де шексіз мол болады. Мысалы, көтеріңкі лепті интонация бір түрлі де, сұрау, сауал қою интонациясы одан басқа түрде болатыны белгілі. Немесе, екі нәрсені қарамақарсы қойып шендестіріп айтқандағы интонация мен бірыңғай бірнеше нәрсені қатар алып, санамалап айтқандағы интонация әр басқа екені де түсінікті. Интонацияның, дауыс толқынының сөздің мағыналық байлығын алуан түрлі реңкі, бояуымен жеткізуде де үлкен мәні бар. Қандай интонациямен айтылғанына орай сөздің мағынасы аз ба, көп пе өзгеріп отыратынын да айту қажет. Әдеби шығармадағы сөздің интонациялық байлығы тексті мәнерлеп оқығанда әсіресе айқын танылады. Көркем шығарманы мәнерлеп оқу шеберлігі өз алдына үлкен өнер болып саналатыны тегін емес. Поэзияда интонация, дауыс толқыны өлеңнің ырғағымен тығыз байланысты болады, өлең сөздің ырғағын түрлендіруге үлкен әсер етеді. Сонымен бірге интонация сөйлемдердің, ондағы сөз тірксетерінің қалпына да сәйкес болады. Оқылатын, сөйлеп, тақпақтап айтылатын өлеңдерде интонацияның дауыс толқынының неғұрлым құбылмалы келіп, түрленіп отыруы айрықша қажет. Ахметов З.