ИДЕЯЛЫҚ ПЛЮРАЛИЗМ

lat: Ideıalyq Plúralızm

азаматтық қоғамдағы идеялық-саяси алуан түрлілік пен мемлекеттік идеология арақатынасындағы мәселелердің бар екендігін меңзейтін ұғым. Мәселенің мәні азаматтық қоғамға тән идеялық-саяси алуан түрлілік пен мемлекеттік идеология арасындағы ұлттық идея мүдделерін көрсететін тұтас кешен ретіндегі сипатының көрер көзге сыйымсыздығында жатыр. Азаматтық қоғам адамдардың жеке, топтық және жалпы мүдделерін өзара үйлестіру қағидатын сапалы жаңа деңгейге кетеруді көздейді. Мұндай қоғамның аса маңызды ерекше белгісі адамдар арасындағы қатынастардың ассоциативті сипат алуында. Бұл осындай қоғамдағы адамдар топтары мен олардың ұйымдары ортақ шаруашылық, саяси, ғылыми, мәдени және т.б. мақсаттарға жету үшін бірігуге мемлекет тарапынан нақтылы, кепілдендірілген мүмкіндікке ие. Сонымен қатар, азаматтық қоғамдағы саяси процесс басқарушы топтың қауымдастықтың әртүрлі мүшелері мүдделерінің тепе-теңдігін қамтамасыз ету талпынысының негізінде жүзеге асырылады. Ал бұл өз кезегінде, тар шеңбердегі топтық мүдделерді ерікті түрде, жекелеген жағдайларда толықтай жалпы ұлттық идеяларды жүзеге асыру жолында қүрбандыққа шалуды білдіреді. Азаматтық қоғамда мемлекеттік идеология қауымдастықтың басым көпшілігінің мүдделерінің, яғни ұлттық мүдделердің жиынтықталған көрінісі болып табылады. Бұл дегеніміз мемлекеттік идеологияның азаматтық қоғамның дүниетанымдық плюрализмімен сыйымдылығын ғана емес, сонымен қатар оның болуы осындай қоғамның өмір сүруінің, тұтастығы мен тұрақтылығын камтамасыз етуінің маңызды шарты екендігін білдіреді.