[лат. intonare] з а т е с і м. 1. Сөйлеуші сезімдерінің сөйлеу нысанына қатысын, жан дүниесінің қалып-күйін көрсететін сөйлеу мәнері, дауыс әуені. Оның дауысынан ренжіген и н т о н а ц и я Cезіледі (ауызекі). 2. Cтиль, өзіне тән, машық, мәнер. өлеңнің и н т о н а ц и я с ы, эмоциялық қуаты, лексикалық оралымдары оқушыны елпілдетіп жүгіртіп әкетеді (C.Мәуленов, аркер.). Ол Абайға тән и н т о н а ц и я н ы сақтай отырып, түрі мен мазмұны үндес біртұтас шығарма тудырды (I.Омаров, Серпін). 3. Ауызша айтылған өлең сөздің ырғақтық әуендік құрылымы, дауыс әуенінің бірде жоғарылап, бірде бәсеңдеп ырғақпен құрылуы. Сөйлеушінің көңіл-күйі мен ішкі сезімі тек интонация, дауыс ырғағы арқылы беріледі («Қаз. әдеб.»). Мұнда ақын өлең жолдарын и н т о н а ц и я ғ а қарай бөлшектеу, сөз мағынасына қарай икемдеу, сол арқылы поэзия ырғағына ыңғайлау сияқты жаңашылдыққа ұмтылды (С.Қирабаев, Октябрь). Поэманың бұл жаңашылдығы оның өлеңдік өрнегінен де, ырғақ, и н т о н а ц и я, композициялық бітімінен де көрініп отырады («Қаз. әдеб.»). 4. л и н г в и с т и к а л ы қ. Сөз ағымының мағыналық-құрылымдық тұтастықтағы бөліктерінің арақатынасын ерекшелеп, олардың мазмұны, мағынасы, олардағы ақпаратқа деген сөйлеушінің көзқарасын, сөйлеушінің эмоциясын білдіріп отыратын әуен, әуез, қарқын, дауыс қаттылығы, кідіріс сияқты просодикалық бірліктердің әртүрлі қатынастағы жиынтығы. Қазақ тіл білімінде интонация суперсегментті фонетикалық құбылыс ретінде тұңғыш рет жүйелі түрде профессор З.Базарбаевның еңбектерінде зерттелді («Тілтаным»). И н т о н а ц и я н ы ң бірліктері семантика-синтаксистік сөз бөлшегі – синтагмада көрініс табады да, сөз ағымындағы осы синтагмалар арасындағы күрделі синтаксистік, семантикалық қатынасты көрсетіп тұрады («Тілтаным»). И н т о н а ц и я тілдік құбылыс, сондықтан әрбір тілге тән интонациялық бірліктер – инвариант интонемалар сол тілде сөйлейтін барлық тіл тұтынушылардың санасында бірдей болады («Тілтаным»). Ауызекі тілде интонацияның жұмсалу аумағы кең, таңбалауға болмайтын эмоциялық, экспрессиялық бояулары жоқ десе де болады (ҚСЭ). 5. м у з ы к а л ы қ. Орындау дәлдігі, әндетіліп айтылатын немесе ойналған дыбыстың тазалығы.