ИТАЯҚ

lat: Itaıaq

итті тамақтандыруға арналған ыдыс. Дәстүрлі дүниетанымда өзіндік ғұрыптық мәні бар бұйымдардың қатарына жатады. Этностың тіршілік циклінде атқарылатын сан алуан салттар, ғұрыптар, наным-сенімдер, ырымдар мен тыйымдар жүйесінде байлық, молшылық, береке сияқты өркендеу идеясының негізгі категориялармен өзара символикалық байланыста болып келеді.                                                                                                                                                                                                                                                                                                           Пішіні шұңғыл табақ түрінде ағаштан жонып жасалып, сабына бүлдірге тағылатын болған. Металл ыдыстардың қолданысқа көптеп енуіне байланысты кейін негізінен ескі темір ыдыстар (табақтар) да итаяқ орнына қолданылды. Әсіресе, сынған қазан тасталмай итаяқ орнына жүрді. Бұл ит пен қазанның екеуі де құт пен ырыстың символы саналатындығына байланысты болса керек. Бірақ, «итаяқ темірден болса ырыс кетеді» деген ырымға сәйкес бұрын пайдалануда болып тозған итаяқты қажетінше жамап-жасқап, түзетіп қайта қолданды.     Әдетте, итаяқ сыртта үй маңында жатады. Осы итаяққа күніне кемінде бір рет тамақ салып, су құйып отырған. Өйткені, итке байланысты наным-сенім бойынша ит ашығып ауылүй аралап кетсе, үйдің құтын өзгеге аударуы мүмкін деседі. Итаяқты үйге кіргізуге, оған ожаумен ас қалдығын құюға тыйым салынған. Өйткені онымен бірге шаңырақтың да ырысы кетеді екен. Сондықтан ондай әрекетке қатаң тыйым салынған. Көші-қон кезінде итаяқты бүлдіргесінен түйеге артылған бұйымның бірінің шетіне іле салады.                                                      Дәстүрлі наным-сенім бойынша жын-шайтан түн қараңғысында ауыл-үйді аралап, жуылмаған ыдысаяқтарды жалап-жұқтап кетеді екен. Сөйтіп шаңырақтың ырыздығын «ұрлайды», сол арқылы ырысы ортаяды, құты қашады деседі. Демек, иттің өзінің итаяғын жалағаны оның жоғарыда айтылған жын-шайтанның қаскөй әрекетінен үйдің, ауыл-аймақтың ырысын сақтағаны болып табылады. Осы жайтқа байланысты қалыптасқан «ит итаяғын жаламай тоймайды» деген сөз орамының түпкі мәні де осында.                                                                    Қазақта өте атақты тазы немесе төбет иттің итаяғы да қасиетті саналып, өзге иттерге онымен тамақ беруге тыйым салынған. Ондай итаяқты сақтап, қажетті жағдайда емшілікте пайдаланған. Мысалы, көз тиіп ауырған баланы домдау үшін итаяққа наннан жеті кесек турап салып, су құйып араластырып итке нанын жегізеді. Суын сүзіп алып, үстемелеп су қосып қанжылым еткеннен кейін ауырған баланы шомылдырады. Сөйтсе бала дертінен айығады деп есептеген. Сондай-ақ, тілі ұзақ уақыт шықпаған немесе кекеш, тұтықпа, быдық балаға итаяқтан су ішкізеді. Мұндай емдеу науқас балаға шипа болады деседі. Сауын малының желіні ісіп кетсе итаяқты отқа қыздырып, желінді ұрып аптау сияқты дәстүрлі наным-сенімнен бастау алатын тәсілімен де емдеген.