[неміс тілі. Iahrmarkt] зат есім. 1. Жылда белгілі бір жерде, белгілі уақытта болатын сауда базары. Лейпцигте 1967 жылы өткен халықаралық жәрмеңкеде осы туысқан елдің кәсіпорындары шығарған жиырма өнімге алтын медаль берілді (С.Хайдаров, Азамат.). Жаңадан өткен бір жәрмеңкеде алыс-берістерін бітіріп, бір-екі жүз теңгелеп пайда қылып, үйіне қайтып, ағайындықты аралап амандықта жүргенде, осы ойынға кез келген еді (М.Дулатов, Шығ.). Қалыңнан алған көк ат пен тарғыл ту сиырын сатып, қызға керек-жарақ алуға жәрмеңкеге кеткен («Абай»). Барса, үлкен жәрмеңке екен. Қара құрым кісі, қаптаған мал, шабуыл шартыл (Ж.Аймауытов, Шығ.). Бұрынғы Ақмола, Семей облыстарында жыл сайын жаздыгүні үш жерде ірі жәрмеңке болады (С.Мұқанов, Шығ.). Жылда Қоянды жәрмеңкесінің базарын бермейтін Матайдың байлары Сарман, Ырысбек тұқымдары – осы қостар (I.Жансүгіров, Шығ.). 2. ауыспалы мағына. Ойын-сауық, той-думан. Әр жердің үкілеген бар еркесі, Тұңғиық терең көлі, тау өркеші. Бәрінен кербез Көкше асып түсер, Болса егер сұлулықтың жәрмеңкесі (С.Мәуленов, Алыс кет.). Хатыңызды оқи отырып, алыста, сонау қыр астында қалған балалық шақтың қызғылықты жәрмеңкесін көз алдымнан өткіздім (Б.Соқпақбаев, Аяжан.). Жүрген жерім жәрмеңке, Сағындырдың, ақ ерке! (Қаз. әндері). 3. ауыспалы мағына. Айқай-шу, азан-қазан, у-шу. Біреу де, екеу де емес. Үш қатын. Үшеу болған соң-ақ белгілі баяғы, – базар! Жәрмеңкеге біреу ғана жетпей тұр (Ж.Алтайбаев, Ұят-ай). Қазарма іші жәрмеңкеге айналып кетті (X.Есенжанов, Тар кезең). Бақтың түкпір жағындағы мәуелі шие ағашының бұтағында отырған бір топ торғайдың жәрмеңкесі оны еліктіріп әкетті (Б.Соқпақбаев, Жекпе-жек).