lat: Júgen túrleri
жүген негізінен қайыс пен былғарыдан өріліп, түйіліп немесе ызылып жасалады. Оның күнделікті қолданылатын қарапайым түрлері мен күмістелген аса бағалы түрлері болады. Берік, әрі сәнді жүгенді негізінен «өрімшілерге» арнайы жасататын болған. Түйме жүген – иленген қайыстан түю арқылы жасалған жүгеннің қарапайым түрі. Күнделікті шаруаға арналғандықтан оны көп әшекейлемейді. Түюіне қарай мұндай жүгендер жалаң жүген (жалаң қабат қайыстан түйілген) , қабат жүген (екі қабат қайыстан түйілген) , өткерме жүген, дөңгелек немесе керей жүген деп аталады. Қос қабат қайыстан түйiлген жүген жалаң қабат қайыстан түйiлген жүгенге қарағанда берiк және көркем келедi. Дөңгелек жүген немесе керей жүген – басқа жүгендер секілді түйілмейді, тек түйіндердің бұрылыстарына ( сулыққа – екі, жақтауға – екі, кеңсірікке – бір, барлығы бес дана) ортасында 3 тесігі бар сегіз қырлы гүл тәрізді шығыршық темір салады. Бұл жүгенге түйін шығармағандықтан сәнді, әрі қайысты тесіп, кеспегендіктен берік болатын артықшылық береді. Бұлайша жасалған жүгенді негізінен керейлер пайдаланғандықтан дөңгелек жүген, керей жүген деген атау қалыптасқан. Керейлер өзге тайпаларға сауда, жүргіншілік жолмен барғанда осы дөңгелек жүгені арқылы танылса керек. Өрме жүген – қайыс таспалардан, жіптен өріліп жасалған жүген түрі. Бұл түйме жүгенге қарағанда әдемі, әрі мықты болады. Өрме жүгендi таспаның қалыңдығы мен жалпақтығына қарай үштен – он екі, тіпті, одан да көп таспамен өруге болады. Ызбалы жүген – қайысты немесе былғарыны қабаттап ызып тігіп жасаған жүген түрі. Ызбалы жүгенге шеберлер күмістен, жезден жапсырмалар қондырып та жасайды. Қондырылған жапсырмалардың жасалған материалына қарай жүген күміс жүген, жез жүген, былғары жүген деп те аталған.