сын есім. 1. Жүк артылған, жүк салынған, жүк тиелген. Ж ү к т і түйелердің екі жағы, сол үлкен қара жамылшыларымен баяу ғана желпіне түсіп, өзгеше бір ауыр тыныс алып келе жатқан тәрізді (М.Әуезов, Таңд. шығ.). Ал теңізде толқын болса, ауыр ж ү к т і машина өткенде мөңкіген жүзбелі көпірдей толқып, кешке жанған алыстағы оттай алаулайды (Ә.Нұршайықов, Батыр.). 2. ауыспалы мағына. Екіқабат, аяғы ауыр. «Рабиға ж ү к т і болып қалған екен», – деген өсек өрттей дулап тұтанып, елге жайылып жүре берді (Б. Майлин, Шығ.). Кеткенде Иран елін Пышан жаулай, Көрініп өзіне-өзі асқар таудай. Қатыны ж ү к т і қалған туды бір ұл, Түс-түрі бір албасты жыннан аумай (Т.Ізтілеуов, Рүстем.). Аяз қарып, аптаптың жандыруы-ай, Бірі шаттық, бірі мұң қалдыруы-ай. Не туары белгісіз ж ү к т і әйелдей, Не болары белгісіз тағдырым-ай! (М.Мақатаев, Шығ.). Алайда халық қайраты Тасқын сумен тең еді. Жаңыл сұлу ж ү к т і боп, Қалды ауырлап жұмыстан (О. Шипин, Дастан.).