Жүріс

lat: Júris

зат есім. 1. Жүру әрекетін істегендік, жүргендік. Бірі бет пішінін, сақал-мұртын, ...ж үр і с і н, қас-қабағын қолдан түзетіп, шынтағын көтеріп, қолын тарақтап әуре болмақ (Абай, Тол. жин.). Жеңіл ғана сенің аяқ басқаның. Ұқсамайды ж ү р і с і н е басқаның. Сенің жайлап үн шығармай күлгенің Ұқсамайды күлкісіне басқаның (Т.Молдағалиев, Шақырады.). Жүрген ж ү р і с, Қаракөз, күлген күлкің, Жанған жүрек қасында болсаң, шіркін! Сені ойласам, Қаракөз, ас батпайды, Түнде ұйқым келмейді, күндіз күлкім (Ә.Найманбаев, Шығ.). Ж ү р іс і шапшаң, ағыны қандай тез еді, Ырғиды соғып, шіліктің ішін кезеді. Байқаусыз түскен аттың да қара тезегі Шошаңдай қарғып, ит қуған аңдай безеді (Ж.Жұматаев, Ләйлә). Ж үр і с і ң д е бір гәп бар, Екенін ойым түйіп тұр. Әлде адал ұлымсың, Елдің тұзын шын ақтар. Шошынбады қарт жаным, Жөніңді айтшы, шырағым                 (К. Әзірбаев, Таңд. шығ.). 2. Пойыз, мәшине, трактор т.б. техникалардың мотор күшімен орын ауыстыруы. Асығып, алып-ұшып арындаған локомотив барған сайын ж ү р і с і н үдете түсті (Қ.Асанов, Сағыныш). Іздейсің пойыздардың ж ү р і с і н е н, Тұп-тұнық тұңғиықты су ішінен. Жаныңда жатады ылғи жалын ойнап, Тынымның дем алмайсың тынысымен (С.Мәуленов, Алыс кет.). 3. ауыспалы мағына. Ағыс, жылжу. Күміс шашып ойнайды күн кірпігі, Ақшоқының қызу еңбек күнүні. Бұлақтардың жорға ж ү р і с бүлкілі, Абай айтқан масатыдай қыр түгі (С.Мәуленов, Алыс кет.). 4. ауыспалы мағына. Қозғалыс. Беу, уақыт! Сенде бір мін бар, Ж үр і с і ң шымқай асығыс. Қамығып өткен мың гүл бар, Қауызын ашпай қапылыс (К.Салықов, Жезкиік). 5. ауыспалы мағына. Дағды, әдет. Көп отырсың сыймайсың үй ішіне, Олпаң-солпаң көрінер жүрісің де. Сыртта жүріп сағынтып үйге келсең, Кемпіріңнің түзелер ж ү р і с і де. Қайран жастық-ай! (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.). Кейде жас болса да жүрген ж ү р і с і, істеген ісі, мінез-қылығы көзіңе ерекше көрініп, именіп отырасың (Қаныш аға). Ат басына соқтырып, Ата-енені сөктіріп, Нәлет болсын, жігіттер, Біздің осы жүрген ж ү р і с к е (Махамбет, Өлеңд.).