ЖІБЕК

lat: JİBEK

жібек құртынан өндірілетін талшық атауы. Бұндай талшықтан жібек жіптер дайындалып одан жібек маталар тоқылған. Археологиялық деректерге қарағанда, жібек талшықтан жіп иіріп мата тоқуды адамдар Шығыс Азияда осыдан 5000 жыл бұрын игерген. Төрт түліктен (қылшық, жүн, түбіт) немесе өсімдіктерден (мақта, кендір, зығыр) тоқылатын матаға қарағанда жібек мата өзінің физикалықхимиялық сапасымен және сәндік-әсемдік қасиетімен ерекшеленеді. Жібек мата әрқашанда әсіре байлық пен асыл заттар санатында болғаны белгілі. Жалпы Евразия континентіндегі халықтардың мемлекет аралық саяси, сауда байланыстарының орнауында және дамуында жібек ерекше орын алды. Жібек ерте ортағасырдан бастап, Шығыс пен Батыс өркениеттерінің арасындағы алыс-берістің, сауда-саттық байланыстардың бірден-бір тауарлық эквиваленті болып келді, яғни ақшаның рөлін атқарды деуге болады. Ұлы Жібек Жолының қалыптасуы да осы кезеңге сай келеді. Жібек жолының Орталық Еуропамен байланыстын солтүстік тармақтары қазақ жерін басып өткені тарихтан мәлім. Қазақ жерін мекендеп, кейіннен қазақ ұлты болып қалыптасқан халықтардың тіршілігінде жібек ежелгі уақыттан тауарлық айналыста, күнделікті тұрмыста кеңінен пайдаланғаны белгілі. Қазақтың дәстүрлі қоғамында да жібек қымбат мата ретінде кеңінен қолданыста болды. Қазақ жеріне жібек Қытайдан, Орталық Азия, Таяу Шығыс мемлекеттерінен, Ресейге қосылғаннан соң Ресей, Еуропа елдерінен әкелініп сатылатын. Қазақ жерінде тараған жібек матаның газ, крепдешин, крепжоржет т.б. негізгі түрлеріне қазақы орта түрліше атаулар берді: баршын, барқыт, батсайы, қатипа, қырмызы, тапта, торғын, торқа, шәйі, атлас, кінауыз және т.б. Орталық Азияда өндірілетін жібек аралас адрас, бекасап сияқты маталар да күнделікті қолданыста кеңінен тараған. Осы аталған маталардың қымбат түрлерін тоқығанда, мақтадан жасалатын арқау жібінің орнына кейде кендірден иірілген жіптерді пайдаланғандығы туралы деректер бар. Кендір талшығын Бұхара, Самарқан тоқымашылары Сыр бойының қазақтарынан алған.                                                                                                                                   Ресей құрамына енгеннен соң, метрополияда орналасқан көптеген жібек тоқу фабрикаларының сұранысы Орта Азия мен Қазақстанда жібек шикізатын өндірудің дамуына әкелді. Оған себеп болған қосымша бір жайт, 1840-1850ші жылдары Еуропа мен Таяу шығыс мемлекеттеріндегі жібек өндіру орталықтарында орын алған, жібек құрттарының жаппай қырылуына әкеп соқтырған эпизоотиялық індет. Еуропалық жібек шикізаттың бағасы күрт қымбаттап, өндіріске жібек талшығын өндірудің жаңа көздерін іздеуге мәжбүрледі. Осы кезде Орта Азияда және Қазақстанның оңтүстігінде жібек құртының жергілікті тұқымдары арнайы бекеттерде өсіріліп, жұмыртқалары (грена) жібек талшығын өндірем деушілерге бастапқы кезеңде тегін таратылса, кейін сатылатын болды. ХІХ ғ.-дың 70-жылдары бастап Қазақстанның оңтүстігінде жібек құртын өсіріп одан жіп иіру кәсібі орын ала бастады. ХХ ғ.-дың басында жібек құрттары Таяу Шығыстан және Франциядан әкелінген тұқымдармен асылдандырылып, талшықтың сапасы жоғары, көлемі көптеу өндіретін жаңа жергілікті тұқымдар ендіріле бастады. 1899-шы жылғы мәлімет бойынша Сырдария обл.-да 8 мың тонна жібек шикізаты өндірілгені көрсетіледі. Жібектен шикізат өндіру, Совет үкіметі кезінде мейлінше дамып Қазақстанның, тұт ағашы жақсы өсетін, оңтүстік аймақтарындағы ұжымшар, кеңшарларда өндірістік негізде жолға қойылды.                                                                                                      «Гренажная станция» деп аталатын бекеттерден алынған жұмыртқалар (греналар) арнайы бөлменің ішінде инкубациядан өткеннен соң, шыққан құрттар тұттың жас жапырақтарымен қоректендірілетін, әбден өсіп жетілген құрттар, арнайы орнатылған, қураған ағаш бұтақтарына орналасып жібек талшықтарын денесінен бөліп шығара бастайды. Құрттардың ағзасынан бөлініп шыққан талшықтар сұрыпталып, жібек жіп иіретін фабрикаларға тапсырылып тұратын.                                                                                                                                                       Ертеде ауқатты отбасылар ұзатылатын қыз жасауын, сонымен бірге үй ішіндегі көрпе-төсек, тұскиіз т.б. көптеген түрлерін жібектен тігетін. Сондай-ақ киім-кешектің қымбат түрлерін тігуде жібек матаның көптеген түрлері пайдаланылғаны белгілі.                                                                                                                                                                                                           Жібек сөзі және жібек маталардың атаулары әсемдіктің, биязылықтың, асылдықтың синонимі ретінде жиі қолданылатын. Тіпті, адамның мінез-құлқын сипаттайтын сөз тіркестерде жібек сөзі жиі кездеседі. Мысалы, жібектей сызылған, жібек мінезді, мінезі жібектей, қырмызыдай т.б.