зат есім. этнографиялық. 1. Күйеуге шыққан қыздан туған баланы қыздың төркіні, рулас адамдары атайтын, баланың нағашы жұртымен туыстық қарым-қатынасын білдіретін атау. Нағашы дегенді іздеп барып, бұлар ж и е н боп жетіскен жоқ-ты (М.Әуезов, Қараш.). Жиеніңіз қажы Жұмабай әкем де, одан туған Нұрмағамбет, Бекен де. Сол екеуден жеті-сегіз біз бармыз, Бәрі ж и е н, бәрі сізге бөтен бе? (М.Жұмабаев, Шығ.). Олар бірін-бірі күндемейді, араларында бақталастық, қызғаныш болмайды, өзара әзілдесіп қалжыңдасады, «Балалығың ұстаса нағашыңа бар», «ж и е н д і ұрғанның қолы қалтырайды» деген мәтел соны меңзейді (ҚҰЭ). Өз балаңнан кем емес Жақсы болса күйеуің. Шаршағанда шалдығып, Нағашың, бір сүйеуің, Жақсы болса ж и е н і ң, Жұлынындай жүйенің (Ә.Найманбаев, Шығ.). 2. Қыздан туған бала. Үш жігіт көлік алып қасына ерді, Жеткенше көріп білді талай жерді, Әмірхан ж и е н мініп қуансын деп, Жіберген өрен жүйрік Мамакерді (И.Байзақов, Құралай.). Құшақтап сүйді ж и е н і н, Көзінің жасы жуылды. Жылаған естіп дауысын, Жатақтар тегіс жүгірді (О.Шипин, Дастан.). Ішкі бөлмеде бұралып жатқан ж и ен і н ұмытып кете беретін (Ә.Тарази, Тас жарған). 3. Қазақ дәстүрінде қалыптасқан нағашы-жиен қатынасындағы нағашы жұртының қыздан туған баланы өзінің жақсы көріп, еркелетіп, іш тартып тұруын білдіртпей, бейтараптандыру үшін жағымсыз реңкте атауы. Итте ж и е н жоқ, Бұқада қайын жоқ (Мақалнама). Ж и е н ел болмас, желке ас болмас (Мақал).