с ы н. 1. Қолға үйренбеген, тағы. Индия жеріндегі ормандарда ж а б а й ы аңдар көп (С.Бақбергенов, Өз. жігіт.). Бірнеше жылғы арманы - ашық күреске шығуға қолы жеткенде ол меңіреу орманның ж а б а й ы аңы былай тұрсын, фашист жендеттері кездессе де сескене қоймас (Қ.Исабаев, Ажал құрсауы.). Далада қонып отырған ақ құрды ж а б а й ы бұғы деп қалып, тасырлата қуа жөнелгенде, онысы заматта ғайып болып, кішкентай ала қанат құсқа айналып кеткенін талай рет көрген (Р.Тоқтаров, Ертіс.). 2. Қоғамдық, әлеуметтік жағынан артта қалған мешеу (ел). Бәймембет биді ақ патша Шақырып алып кеңескен. Ж а б а й ы жүрген едің деп, Бас бұрмай маған көнің деп, Түсіндір барып халқыңды (С.Жанғабылов, Тоқсан толғау). Ж а б а й ы л а р даласына темір тәртіп керек, оны бұлжытпай ұстап отыратын темір жұдырық керек, қызым (Ә.Тәжібаев, Жартас). 3. Жұпыны, жай, қарапайым, дөрекі. Ж а б а й ы тілмен айтқанда, ол - кәдімгі мекеменің қызметкері. Бірақ өзі пысық. Жиналыстарда көбірек сөйлейді және шешен, оның үстіне Губкомның бюросына мүше (С.Мұқанов, Есею жыл.). Аян Сыпатаевтың шырай құбылысына қарап отырып ішінен: «...Телефон соққан жай бір ж а б а й ы адам емес, жоғарыда отырғандардың бірі-ау!» - деді (С.Сейфуллин, Шығ.). Ол милиционерлік белгісінің бәрін тастап, ж а б а й ы киініп алған еді (К.Оразалин, Көктем.). 4. Өзінен-өзі өсіп-өніп тұратын, түздік. Таспа тары - кәдімгі тарыға ұқсас, бірақ бойы бір қарыстан аспайтын, сабағының ұшында қызыл түйір дәні бар ж а б а й ы өсімдік (О.Сәрсенбаев, Таңбалы тас). Ж а б а й ы өсетін жеміс-жидектердің бәрін дерлік тағам ретінде жаңа жинап алған бойында немесе кептірген, мұздатқан, консервілеген күйінде пайдалануға болады (К.Шалекенова, Жеміс.). Адам көптеген жылдар бойы еңбек ету, ғылыми жұмыс жүргізу арқылы ж а б а й ы өсімдіктен осы тамыр-жемісті қолдан жасады десе де болғандай (Ж.Әбиев, Биология). 5. Көзге қораш. Аманкелді балта, шоқпар секілді ж а б а й ы құралы барларды сегіз шақырым кейін тұруға қосты (Қ. Әбдіқадыров, Әңгім.). Ол паровоз бір кезде күшті паровоз болғанымен кейбір механизмі ж а б а й ы еді (С. Бегалин, Жеткіншек.). Ол кездегі төрт дөңгелекті, тек қана сегіз аттың күші бар Харьков тракторы бізге қазір «ескінің мүрасы» саналып, машинаның ж а б а й ы с ы болып көрінеді (І.Есенберлин, Қатерлі.). 6. а у ы с. Кісіге жуыса алмайтын жасқаншақ, ұялшақ. Ол былай болған. Ылғи шетте әкесімен мал соңында жүріп ж а б а й ы болып қалғаны ма. Жоқ, өмір тілін білмеуі ме, бүйығы еді (Д.Досжанов, Тұлпар.). Өйткені менің ерім сондай ж а б а й ы жан болды, ол тіпті махаббаттың не екенін мүлде түсінбеді (І.Есенберлин, Ғашықтар). 7. Дөрекі, тұрпайы, жағымсыз. Сыпайгершілік, мәдени райдан кәзір енді ырым да байқалмайды, ж а б а й ы күш, жат мінез үстем (Ж.Жұмақанов, Қаракөз.). Қайыршы басын шайқап, жаман бір ж а б а й ы дауыспен бақырып жіберді де, жөтеліп шашалып тұрып, тілін шығарды (С.Адамбеков, Атылған қыз.).