ЖАБДЫҚ

lat: JABDYQ

шаруашылық пен тұрмыста пайдаланылатын заттардың дәстүрлі жалпылама атауы. Оған этностың табиғи ортасына лайықты өмір сүруіне қажетті барлық материалдық игіліктерді жатқызады. Яғни, жабдық деп шаруашылыққа (ат жабдықтары ер-тұрман, жүген, қамшы, т.б., ұста жабдықтары төс, көрік, балға, т.б.), үй тұрмысына (ас жабдықтары астау, кесе, ожау, т.б., үй жабдықтары сандық, жүкаяқ, кілем, т.б., төсек-орын жабдығы көрпе-жастық, төсек, т.б.) және жалпы адамның барлық іс-әрекеттерге қажетті бұйымдарды (сарбаз жабдықтары қылыш, сауыт, оқ, т.б., оқу жабдықтары кітап, қағаз, т.б.) атайды. Дәстүрлі ортада құрал, сайман, аспап, жарақ және т.б. жекелеген дербес мағыналы сөздер де қолданылғанымен, олардың жалпы атауы жабдық. Заман қажеттілігіне орай адамдардың тұрмыс-тіршілігі мен шаруашылық қарекетіндегі жабдықтардың қолданыстық мәні бірде артып, бірде кеміп және қолданыстан шығып отыруы заңды құбылыс. Бұл құбылысты этностың қалыптасқан жаңа ахуалға бейімделуінің көрінісі немесе оның әлеуметтік организм ретіндегі субъектілік миссиясының әлсіреуінің, тіпті, мүлдем жойылуының нәтижесі ретінде қарастыруға болады.