lat: JABY
дәстүрлі мал шаруашылығында көптеп өсірілетін, тез ет алғыш, етті, әрі сүтті қазақы жылқы тұқымы. Жабының дене тұрқы тығыршықтай, аласалау (тапалдау), жал-құйрығы қалың, мойны мен аяқтары дене тұрқымен салыстырғанда қысқа болып келеді. ХІХ ғ. жылқы зерттеушілерінің бірі А.И. Добросмыслов мұндай жылқылардың көбісінің бойы 1 аршын 14-15 вершок (қазіргі өлшем бойынша 1 м 37 см) болатындығын, ал 2 аршын (1 м 42 см) болатындары сирек кездеседі деген. Ыстық-суыққа, аштыққа өте төзімді. Қоңдылығын жақсы сақтайтын, қыстың аяздарында тебінде жүрсе де тез арымайтын қасиеті бар. Жабы жүйрік, ұшқыр болмағанымен жүрісті, мініске ыңғайлы және алыс жолға өте шыдамды келеді. Жабы өте күшті болғандықтан, ауыр жұмысқа да төзімді. Жабының негізгі кемшілігі – бойының аласалығы мен дене бітімінің қораштау көрінуі. Сондықтан да, қазақ қоғамында кез келген ұсқынсыз, пәкене, тәпелтек, жылқыларды жабы деп атау жиі кездеседі. Мұндай жылқыны шаруалар керiгi, тұғыры, шобыры, қойшының қойторысы деп те атайды. Парсылар ябы деп, тұқымы белгісіз, күшті, керуенде күш-көлік есебінде пайдаланылатын қораш жылқыларды атаса, Тәжікстандағы түркі тектес лоқайлықтардың түрікмен жылқысынан айыру үшін өз жылқыларын йабы деп атайтындығы зерттеушілер еңбектерінен мәлім. Жабы деген сөз түркі тілдерінде жүк көтергіш деген мағынаны береді.