lat: JADY
мал азықтарын турауға, ұсақтауға арналған жүзі бар кескіш құрал. Жадыны пiшен (қамыс-құрақ т.б.) мен сабан (арпа, бидай, сұлы т.б. сабақтарын) турауға қолданылды. Көбінесе малдың төлдеріне шөпті ұсақтап турап беруге пайдаланылды. Оның көлемі мен түрі әрқалай болады. Үлкен жадылар жарты құлаштан астам, кесетiн жүзi үш қарыстай өткір болады. Жады астыңғы пышағы орнықты ағаш дөңбекке бекiтiліп, оның қасына туралатын шөптi кесу кезінде сырғытпай ұстайтын көмекшi жанама темiр орналасады. Үстiңгi пышақтың бір басы астыңғы пышақ пен осы темiрдің арасына бекітілсе, екінші ұшында тұтқасы болады. Азықты турауда сол қолмен туралатын шөпті жады жүзінің арасына сырғыта салып отырады да, оң қолмен жадының тұтқасын жоғары-төмен көтеріп-түсіру арқылы қайшылай қырқады. Жадының жетілдірілген түрі жуан дөңбекке орнатылған кермелі садақша араға ұқсас. Ол екі кескіштен тұрады. Төменгі кескішінің жүзі жоғары қаратылып, дөңбекке ағаш жақтаулармен нық бекітіледі. Ал жылжымалы үстіңгі кесетін жүзі кергі садаққа төмен қаратылып орнатылған. Кейінгі уақыттарда жады малазықтық көкөністерді (малазықтық қызылша, сәбіз, т.б.) турап беру үшін де қолданылады.