ЖАЙ

lat: JAI

үст. 1. Байыппен ғана, сабырмен, салмақтап сөйлеу. Біздің Бегімбет баласы, ағайынын далаға тастап жүрген жоқ, - деді үста ж а й, сабырмен, -күш көлік жағын көрерміз (М.Жұмағұлов, Қыран.). Сейіс әр сөзінің дәмін алып тұрғандай ылғи ж а й сөйлейді (Ә.Кекілбаев, Бір уыс.). 2. Асықпай, баяу, ақырын. Ең күшті «С-80» тракторы тартқан көк вагон ж а й қозғалып барады (Ғ.Сланов, Әңгім.). Өркештері баладай тіп-тік, қомы астаудай, жібек жүнді қоспақ атан ұзақ жолда ж а й жүріп, жалпақ басып келе жатыр (А.Тоқмағамбетов, Ақмоншақ). Аяғын ж а й басып, шаңдақты қара жолмен кетіп барады екен (С.Бақбергенов, Қарға там.). 3. Ауыр, зорға, әрең қозғалу. Тәкежан мен Ысқақ семіз денелері ж а й ырғалып, шабандап тұрды (М.Әуезов, Шығ.). Мама жалпақ қарагер бие ж а й басып,қарны шеңбірек атып, ыңқылдай тартты желіге (Ғ.Мұстафин, Дауыл.). Ж а й басып, ауыр тыныс алып демігіп келе жатқан Абайдың шешесі (М.Әуезов, Шығ.).