з а т. Малдың жазғы алыс жайылымы. Жайлауға шыға айғыр суытушы еді, Ыстықтың қалмайды деп зарараты. Тізіліп көл жағалай қонушы еді, Жарасып ақ үйлердің қияфаты (М.Дулатов, Шығ.). Елдің сәні келеді, Өрісі жайылым кең болса. Екі жағы малға жай Жайлауы шалқар көл болса (Базар жырау, Шығ.). Кең дала, шаңсыз ауа, таза қоныс, Исі аңқып, бетім сүйген самал желім. Кіндік болып мал менен жанды өсірген Жаз жайлау, күзгі күзек, қысқы тебін (С.Торайғыров, Алаш үраны). Жайлау ғой мынау жарасқан Аралтөбе бауыры. Төбеден неге әрі асқан Сәулешімнің ауылы (Т.Молдағалиев, Шақырады көктем).