ЖАЛАҢ

lat: JALAŃ

с ы н. 1. Тек қана, бір ғана жалғыз, құр өзі.

.. Үстіне ілгені етегі төмен түскен қазақы, жалаң ескі көйлектен дене мүсіні аңғарылмады (С.Мұқанов, Аққан жұлдыз).

Тағы да бірнеше алып адамдар кірді.

Тымақтарын, күпілерін далада шешіпті.

Жалаң шекпенмен, құндыз бөріктерімен ғана көрінді (Ж.Молдағалиев, Айналайын.).

Ойнау керек, күлу керек, бірақ жас өмір жалғыз, жалаң ғана сауықпен кетпесін (С.Байжанов, Жастық.).

Жалаң қылыш үйіріп,

Сойылын да суырып,

Жетіп келді бір батыр,

Жеп қоярдай қуырып (О.Шипин, Дастан.).

2. Жалаңаш.

Прометей жалаң  қолмен от алды да,

Ұшырап тас Құдайдың қаһарына,

Отта тұр, тек осылай нағыз адам

Өтей ме өз парызын ар алдында (Т.Рақымжанов, Күн.).

3. а у ы с. Жайдақ, көңілсіз.

- Бірақ, ән мен күйді сүйемін, - деді. - Ән мен күй жүрмеген жерде, тіршілік жалаң  ғой (С.Сарғасқаев, Сұлутөр.).