lat: JALBYZ
тау шатқалдарында, сулы, саздауыт жерлерде өсетін жұпар иісті шөп. Сабағы төрт қырлы, қуыс өзекті, жапырағының жиегі ара тісі сияқты болып келеді. Жалбызды гүл ашудан бұрын жинап көлеңкеде кептірсе, шипалық қасиеті жоғары болады. Жалбыздың денедегі суықты тартатын және майды ерітетін қасиеті бар деп саналады. Емшілікте және сусын орнына да пайдаланылады. Жалбыздың тұнбасы немесе қайнатындысы асқазан, ішек жолдарындағы іш өту, ас қорытпау, бөгу сияқты ауруларға бірден-бір ем деп саналады. Әсіресе, майлы ет пен сорпадан кейін өт пен ас қорыту жүйесі бұзылған кезде жалбыздың жапырағын суға қайнатып, жылы күйде жиі-жиі ішкізген. Сондай-ақ, халық емшілігінде ыстық көтерілген кезде оны басуға, көз қызару мен тұмау тиюге қарсы әлдендіретін қасиеті бар деп санайды. Жалбыз сусынын дайындау үшін ыдысқа салынған жалбыз жапырағының тұнбасын сүзіп алған соң үстіне үстемелеп су құйып отырады. Жалбыздың емдік қасиеті мал ауруларын емдеуде де пайдаланылады. Әсіресе, жемге бөккен малға жалбызды қою етіп қайнатып береді. Суық тартатын қасиетіне байланысты қазақтың өлік жөнелту салтында мәйітті бұзылмас үшін астына жалбыз төсеніш ретінде пайдаланған. Алуан түрлі ауруларға шипа болады деп саналатын бұл емдік шөп ерекше қасиетке ие деп санайды. «Жалбызды жерде жан қалады» деген мәтел осы жайтқа байланысты айтылса керек. Ел арасында жалбыздың кез келген майды ерітетіндігі жөнінде мынандай аңыз бар. «Бір-бірімен кәсіби өресі туралы таласқан екі емші кез келген ауруды емдеп жаза алатындығын алға тартып бәстеседі. Бәстің ақыры ту ешкінің бүйрек майын балаларына жегізіп, онан келетін кесепаттан айықтыру болады. Емшінің бірі май ерітудің құпиясын біледі екен де, ал екіншісі онан мақұрым екен. Ақыры екінші емшінің жалғыз баласы қатқан ешкі майынан айықпас дертке душар болып көз жұмады. Емші әкесі баланың асқазанына байланған ешкінің тоңмайын кесіп алып, пышаққа сап жасап алған екен дейді. Ішқұса боп таутасты кезіп кеткен емші бірде дамылдап отырған кезде беліндегі пышағы абайсызда жалбыздың үстіне түсіп кетеді. Жалбыздың пышақтың сабын ерітіп бара жатқанын байқаған емші «Жалбызды жерде жан қалады екен, жалбызды білгенде жалғызым өлмес еді» немесе «Жалбызымның жоғынан жалғызымнан айырылдым» деп күйінген екен» деседі.