ЖАНУАР ДАҒДЫЛАРЫ

lat: JANÝAR DAǴDYLARY

Жануарлардың өмірін бақылау көрсеткендей, тек туа біткен қылықтарының түрлері инстинктеріне негізделе отырып, олар өзгерген ортаға бейімделе алмайды. Жануарлар қылықтарының туа біткен түрлері өмірге жаңа келгеннен кейін қалыптасқан дағдылармен толықтырылады. Дағдылар деп көптеген қайталаудың және бекітудің нәтижесінде жануарлардың жеке тәжірибесінде қалыптасатын іс-әрекетін айтады. Жануарларда дағдыны қалыптастыру күнделікті өмірдің табиғи жағдайында, сонымен қатар арнаулы, үйрету арқылы іске асады. Бақылаулар көрсеткендей, дағдыны қалыптастыруға қабілеттілігі жоғары сатыдағы жануарларда ғана емес, төменгі сатыдағы жануарларда да болады. Бірақ неғұрлым ағза күрделі болып келсе, соғұрлым жануарлардың жүйке жүйесі дағдыны қалыптастыруға жоғары деңгейде қабілетті дамығандығын аңғаруға болады. Мәселен, үйретілген ит адамға аяғын береді, есікті табанымен немесе тұмсығымен ашады, билейді, артқы аяғымен жүреді т.б. Жануарлардың осындай іс-әрекеті дағдылар деп аталады. Дағдының жүйке физиологиялық қызметі шартты рефлекс болып табылады. Дағдыны қалыптастыру жануарларда шартты рефлексті немесе шартты рефлекстердің жүйесін қалыптастыру болып табылады. Жануарларда дағдылар соқыр сезімнің негізінде, жаңа іс-әрекетті бірнеше рет қайталау (инстинктерден айырмашылығы) арқылы қалыптасады, оның көмегімен жануарлар белгілі бір қажеттілігін қанағаттандырады. Жаңа іс-әрекетті қалыптастыру және бекіту ең алдымен жануарлар өмір сүрген барлық жағдайларға байланысты. Мәселен, итке ас беретін ыдысы (итаяғы) ішіндегі тамағымен есігі жабық бөлмеге орналасқан. Оны көрген ит, итаяқтағы тамақты ішу үшін аяғымен, тұмсығымен есікті ашудың әрекетіне кіріседі, ол бұл орайда бірнеше кездейсоқ қозғалыстар жасайды. Осы кездейсоқ қозғалыстардың нәтижесінде ит есікті ашады. Осы ісәрекет бірнеше рет қайталанады. Содан кейін ит қателеспей ылғи аяғымен, тұмсығымен есікті ашатын болады. Жануарларда дағдылардың қалыптасуы ата-енелерінің «үйретуі» арқылы іске асады. Мәселен, қасқырлар өз балаларына аң аулауды былай үйретеді: кәрі жануар қалай аулаудың тәсілін іс-әрекет үстінде көрсетеді, ал балалары сол әрекеттерді қайталайды. Бұл жерде «үйрету» еліктеу инстинкті негізінде іске асады. Адамдар үй жануарларын қолға үйретіп, көптеген дағдыларды қалыптастырады. Адамдардың жануарларға дағдыны қалыптастыруы дрессировка немесе қолға үйрету деп аталады. Қалыптасқан дағдылар жекелеген инстинктердің байқалуын жойып жіберуі мүмкін. Мәселен, тышқанды қолға үйреткенде мысық тышқаннан қашады, ал тышқан мысықтың артынан қуады. Ал әуелден тышқан мысықты көргенде қашатын болған, ал үйретудің нәтижесінде тышқаннан мысық қашатындай етіп дағды қалыптастырған. Жануарларда дағдылар байқап көру және қателесу әдісімен қалыптасады. Мәселен, аквариумды әйнекпен ортасын екіге бөліп, аквариумның бір бөліміне шортанды орналастырып, ал екінші бөліміне кішкентай шабақтарды салып, байқап қарағанда, шортан бірнеше рет шабақтарды жеуге ұмтыла береді, ұмтыла береді, бірақ тұмсығын әйнекке соғып, әбден шаршайды, уақыт өте шортанда белгілі дағды қалыптасады: ол шабақтарға ұмтылуын әбден қояды. Бұл дағды ортадағы әйнекті алып тастағанда да сақталады, шортан кішкентай шабақтарға тимей, бірге жүре береді, бірақ біраз уақыттан кейін дағды жойылып, шортан өз әдетінше өмір сүре бастайды. Дағды-жануарлардың қылықтарының өзгертілген түрі, сондықтан да әбден орнықпайынша ол бірте-бірте жойылуы мүмкін. Сонымен қатар дағдының өзгеруі ауысуынан аңғарылады. Маймылда бананы бар жәшіктің тесігін алдыңғы оң аяғымен ашу дағдысы қалыптасқан. Оны денесіне тақап қойған кезде ол жәшік тесігін алдыңғы сол аяғымен ашқан, бұл аяғы да таңылып тасталғанда жәшікті артқы аяғымен ашып, бананды алуға әрекеттенген. Енді ол арқылы ештеңе болмайтынын білген ол тіспен ашуға тырысады. Дағдының ауысуы негізінен жоғары сатыда дамыған жануарларға тән. Дағдыларды қалыптастыру мүмкіншіліктері жануарлардың жалпы даму деңгейіне және қалыптасқан дағдының жануарлар мінезінің инстинктілік түрлеріне сәйкестік дәрежесіне байланысты. Тәжірибелі үйретушілер әр уақытта да осыны ескеріп отырады. Оны цирк аренасының білгірі Р.А.Дуров орынды пайдаланды.