ЖАНЖАЛ

lat: JANJAL

з а т. 1. Дау, шатақ, ұрыс- керіс.

Екі жаман қосылса,

Күнде жанжал, күнде шу,

Ұяларлық ар бар ма (Бес ғасыр.).

Қадірін ауырғанның білмейді сау,

Жылымшыған жанжалдан жақсы екен жау (Бес ғасыр.).

Осы кездесуді қалаған Айғанша еді. Үйдегі жанжалдан кейін айтары көп сияқтанып асығып болған (Ә.Нұрпейісов, Сергелдең).

Бақытыңа кез бопты долы қатын,

Мұны алған ер жанжалға молығатын,

Ұрысса бар адамды жеңбей қоймас,

Бір үй түгел, бір ауыл торығатын (Шал ақын, Өлеңд.).

Жігіттер, ала көрме долы қатын,

Оны алған бір жанжалға жолығатын.

Біреуменен ұрысса жеңбей қоймас,

Біреу түгіл бір ауыл зорығатын (Шал, ақын, Өлеңд.).

Төбелес, жанжал, керіс әңгімеге,

Құмар-ақ болып кетті біздің халық (М.Дулатов, Шығ.).

2. с а я с и. Қоғамдағы әртүрлі әлеуметтік топтар арасындағы қордаланған өткір проблемалардың, халықаралық кикілжіңдердің дер кезінде реттелмеуінен туындайтын, әртүрлі қақтығыстар.

Көбінесе, қоғамдағы жанжал саяси, экономикалық дағдарыс кезінде, не жедел дамыған әлеуметтік өзгерістер барысында орын алады (ҚҰЭ).

Қоғамда саяси мәдениет қалыптастыру, ортақ әлеуметтік құндылықтар мен нормаларды орнықтыру - жанжалды болдырмаудың негізгі жолы болып есептеледі (ҚҰЭ).

АҚШ аймақтардағы шиеленістер мен жанжалдарға байланысты әскери қимылдарға еркін кірісе бастады («Егемен Қазақстан»).