ЖАНР

lat: JANR

әдеби шығармалардың жеке түрлері, көркем әдебиеттің салалары. Көркем әдебиет – арнасы кең, көп салалы өнер. Әдебиет туындыларының құрылыс-қалпы, мағыналық сыйымдылығы, көркемдік сипатбелгілері әр алуан бола береді. Сондықтан әдеби шығармалардың жүйесін тауып жіктеп топтауға, түр-түрге бөлуге үлкен мән беріледі. Көркем шығармаларды тегіне қарай және бітім тұлғасы, өмірді бейнелеу өзгешелігі жағынан жіктеп ажырату ерте заманнан бастап-ақ кездеседі. Осылай әдеби нұсқаларды тегіне, түр-түріне қарай ажыратып бөлу негізінде жанр деген ұғым қалыптасқан. Орныққан жүйе бойынша әдеби шығармалар негізінен үш топқа бөлініп, жіктеледі: эпостық жанр, лирикалық жанр, драмалық жанр. Бұлар – әдебиеттің үш үлкен саласы, үш тармағы. В.Б.Белинский «Поэзияны тегіне, түріне қарап бөлу» деген еңбегінде әдебиетті алдымен эпостық поэзия, лирикалық поэзия, драма деп үшке бөледі де, шығармалардың түр-түрлерін осы жүйені сақтай отырып топтастырып, таратып талдайды. Эпостық жанр. Мұнда өмір шындығы негізінен уақиғаны баяндау арқылы көрсетіледі. Уақиғалар, кейіпкерлердің ісәрекеттері өмірдегі болатын объективті болмыс қалпында алынып, бейнеленеді, жазушы тек баяндап жеткізуші ретінде көрінеді. Бұл жанрдың шығу тегі ауызша поэзиядағы халықтық жыр, эпостық поэмадан басталады. Жазба әдебиетінде эпостық жанрдың роман, повесть, әңгіме сияқты түрлері және сюжетті поэманың жаңа түрі пайда болды. Лирикалық жанр . Мұнда өмір шындығы адамның әр түрлі құбылыстарды, жәй-жағдайларды қалай қабылдап сезінетінін бейнелеу, оның ой-сезімін, алған әсерін суреттеу арқылы көрсетіледі. Лириканың басты сипатын белгілейтін ақынның тұлғасын, бейнелеген өмір құбылыстарын соның көңіл күйі, ойсезімі тұрғысынан қарап білеміз. Орыс әдебиетінде кең тараған лирикалық шығармалардан элегия (мұңды өлең), эпиграмма (сықақ өлең), ода (мақтау өлең) және толғаныс (толғау өлең) секілді түрлерін атауға болады. Қазақ халық поэзиясында қалыптасқан жыр түрлерінің (терме, толғау секілді) өзіндік өзгешелігі бар, олар өлеңді ауызша шығарып айту дәстүрлеріне сәйкес қалыптасқан. Қазіргі поэзияда лирикалық шығармаларды топтап жіктегенде, саяси-әлеуметтік лирика, философиялық лирика, көңіл күй лирикасы, табиғат лирикасы т.б. бөліп қарайды. Драмалық жанрдың ерекшелігі – мұнда уақиғаны баяндау да, болған жағдайды адамның қабылдап сезінуі арқылы көрсету де бар. Шығармаға арқау болатын – өмірлік тартыс, уақиға. Ал уақиғаның барысы, қалай дамитыны кейіпкерлердің сөйлеген сөзінен аңғарылады. Бұл жанрдың негізгі түрлері трагедия, комедия және драма ерте дәуірде қалыптасып, театр өнерінің дамуына байланысты кейін жаңа сипат белгілермен толықты. Осы үш салаға жататын әр жанрдың түр-түрлерін де, мысалы, поэма мен романды, немесе трагедияны жанр деп айта береді. (Кейде тіпті романның түрлерін, мысалы, тарихи романды жанр деп айту кездесіп қалады). Қалайда ең қажетті нәрсе – әдеби шығармаларды тегіне, түріне қарай топтастыру, ажыратып бөлуде белгілі жүйе барлығын естен шығармау қажет. Бүкіл әдебиетті кесек үш салаға, үш жанрға бөліп жіктеудің өз қисыны бар да, ал осы үшеуінің әрқайсысына жататын, негізі бір тектес шығармаларды одан әрі бұтақтап түр-түрге (жанрлық түрлерге) бөлудің қисыны, жолы мүлде басқаша. Жанрларды, жанрлық түрлерді бір-бірінен ажыратып, бөлекше сипаттарын айқындай отырып, олардың арасындағы айырым, шек шартты нәрсе екенін де, басқаша айтсақ, олардың бірімен бірі жақын, жалғас келетін тұстары болатынын да есте сақтау керек. Мысалы, романда лирикалық әлемент, сарын кездесуі әбден заңды. Романнан да, поэмадан да кейіпкердің көңілкүйі, күйініш-сүйініші су реттелгенде біз лирикаға тән ерекшеліктерді байқаймыз. Сондай-ақ драмаға тән қасиеттер де, айталық, уақиғаның, кейіпкерлердің, әрекет қимылы өзгеше бір сипатта ширығып шиеленісуі – романда да, поэмаларда да ұшырайды. Алайда романда басты, шешуші рөл атқаратын баяндау тәсілі. Ал лириканың, өзіндік өзгешелігін айқындайтын қасиет– онда адамның көңілкүйінің, сезім дүниесінің тікелей және айрықша әсерлі бейнеленуі. Яғни, әр жанрдың, жанрлық түрлердің өзіне тән, басқаларға қарағанда молырақ танылатын қасиеті, өз артықшылығы болады. Роман, повесть, әңгіме уақиғаны баяндап жеткізуге, әр түрлі адамдардың мінезін, іс-әрекетін, өзара қарым-қатынасын суреттеп көрсетуге лайықтылығымен құнды. Драмалық шығармада уақиғаны шиеленістіріп, күрес-тартысты қисынды өрбіту, кейіпкердің өзінше ойлау, сезіну, сөйлеу қалпын ұтымды көрсетуге мол мүмкіншілік бар. Ал лирикалық туындыда сезімнің тереңдігі, нәзіктігі мен әсерлігі өте-мөте қажет. Әдеби жанрларды, жанрлық түрлерді ажыратып, танып-білу бір тектес, бір-бірімен ұқсас шығармалардың құрылыс-бітіміндегі бейнелеу, баяндау тәсілдеріндегі кейбір ортақ белгілерді айыру үшін қажет. Алайда осындай қасиет-белгілердің әр жеке шығармада оның нақтылы мазмұн-мағынасына сай өзінше жасалатыны есте сақтаған жөн. Сондықтан әдебиеттің дамуына байланысты жанрлық түрлер үнемі толысып жаңа сипат алып, молыға түседі. Совет дәуірінде қазақ әдебиетінде эпикалық жанрдың роман, повесть сияқты түрлері кеңінен қанат жайып, өркендеді, драмалық жанр дамыды, жазба поэзияға тән жанрлық түрлер пайда болды. Ахметов З.