ЖАҚСЫЛЫҚ

lat: JAQSYLYQ

з а т. 1. Қайырымдылық ізгі іс, рақымдылық.

Жақсылық ұзақ тұрмайды,

Жамандық әркез тозбайды (Абай тілінің сөздігі).

Бұл сөзді, ғибрат сол адамзатқа,

Тегін қыл жақсылықты пұлға сатпа (М.Дулатов, Шығ.).

Өсерсің әлі, бұл да арман,

Ат жалын тартып мінерсің.

Жақсылық  күткен жылдардан,

Әкенің жайын білерсің (Т.Молдағалиев, Қош көктем.).

Мұндағы мақсат - әлем алғаш тек ізгілік пен жақсылық, татулық пен бейбітшілікпен тұрғанын көрсету еді («Жас Алаш»).

2. Кісінің я заттың бойындағы тәуір қасиет, сапа.

Өмір сүру дегеніміз іс істеуге бір мақсат болуға тиіс. Ондай мақсат бір жақсылық болуы керек. Ол жақсылық қиялда ғана болмай, дүние жүзінде бар болып, бар болса бір адамға болмай көпке бірдей болуы керек (Ж.Аймауытов, Шығ.).

Жарқырап жақсылықтың таңы атпай тұр,

Түнерген төбемізден бұлт арылмай.

Кек атты, көн терілі, көніп қалған,

Сықса да шыдай беру - жұрт жарылмай (А.Байтұрсынов, Шығ.).

Мен жақсылық іздеймін, қызу қанның өзінен. Мен жақсылық іздеймін, бұзылғанның өзінен (Қ.Мырзалиев, Домбыра.).

Өнердің дәл осындай мен де иесі,

Өнбойым - тек жақсылық дүниесі.

Домбырам - он жасымнан жан серігім,

Талпындым келтіргенше сөз жүйесін (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.).