ЖАРАПАЗАН, жарамазан-

lat: JARAPAZAN, jaramazan

тұрмыс-салт жыры. Ел арасында ораза кезінде айтылады. Қазақтарға ислам дінімен бірге тараған. Өлеңге ебі бар ер балалар жиналып, кешкілік әр үйдің тұсына келіп айтады. Ж-ның қалыптасқан мәтіні, үйреншікті әуені болады. Ең алдымен үй иесін мақтаудан бастап, ислам дінінің шарттарын уағыздайды, имандылыққа шақырып, өсиет айтады. Ақырында бата берумен аяқталады. Үй иесінін жомарттығына байланысты оны мақтап, марапаттайды, тіпті оған қуақы, әзіл сөздер де араласа береді. Сонымен қатар жұртты шариғатқа, иманға ұйытып, береке, бірлікке, ізгілікке шақырады. «Сол оразада қала балаларының бір әдеті бар-ды. Кеш қараңғылығы түсе салысымен, түнгі ел жатқан уақытқа шейін, шәкірт балалар әрбір жарық терезе түбіне келіп, өздерінше жарапазан айтады. Тек мына жарапазанның бұрын осы қала айтылып көрмеген алғашқы жолдары Абайды катты елең еткізді. Ол терезеге бұрылып, үнсіз аңыра қарады да, жарапазаншы балаларды тыңдап калды. Үшеуі бірдей көп айтып, дағдыланып алған, бірінен-бірінің үні мүлде айрылмастай қосылып алған жарапазаншы балалар жартылай кітапша, жартылай қазақша тілмен сарнап тұр. Я илаһи, уа биллаһи, Ертең кұрбан ғайыпты! Біз айталық, сіз тыңданыз Сармолланың бәйіти!.. Сармолла шашын алдырған, Ғазиз басын қалдырған... Сармолланың кызлари Бір жыламай шай ішпес. Сармолланың көк аты Бір қышқырмай су ішпес!.. — деп, тағы да осылай шұбарта барып, ең аяғында дауыстарын қатарынан қатты көтеріп, «тәммәт-тәмәм ағайлар! деп, жарапазаншы балалардың даусы басылды» Бұл Абайға бейкүнә, таза балалардың аузымен айтылған өлең жолдары Сармолланың жоқтауындай естілді («Абай аға»).