ЖАС

lat: JAS

адам дамуының кезеңі, организм мен тұлға қалыптасуына тән сипатты заңдылықтар жиынтығымен сипатталады. Жас дамудың белгілі бір сатысындағы тұлға құрылымының өзіндік ерекшелігін анықтайтын бірқатар өзгерістер тән болатын сапалық тұрғыдан ерекше кезең болып табылады. Педагогикалық тәжірибе, психологиялық бақылаулар, медициналық практика эмпириялық негіздерде әр түрлі жас кезеңдерін саралайды. Жасқа орай дамуды кезеңдерге бөлудің қазіргі варианттары шартты түрде алынған, өйткені әрбір көзқарас тұрғысына тән критерийлерге негізделген. Жастың психологиялық сипаттамасы тәрбие мен дамудың нақты тарихи жағдайларына, қарекет пен қарым-қатынас ерекшеліктеріне орай анықталады. Жас шекаралары өзгермелі және әр түрлі әлеуметтікэкономикалық жағдайларда бірдей болмайды. Әлеуметтік орта элементтерінің балаға ықпалының сипаты оның бұдан бұрынырақта дамыған қандай психологиялық қасиеттерден өтіп қабылданатынына байланысты. Осы ішкі және сыртқы жағдайлардың жиынтығы жастың ерекшелігін анықтайды, ал бұлардың арасындағы қатынастың өзгеруі жас тұрғысындағы келесі кезеңдерге өтудің қажеттілігі мен ерекшеліктеріне себеп болады. Жас тұжырымы ғылымның даму барысында елеулі өзгерістерге ұшырап отырды. Ассоциацияшылар бұл дамуды таза сандық өзгерістерге сайады. Бихевиоризм шеңберіндегі зерттеулерде машықтар мен дағдылардың қалыптасуы ғана есепке алынады. Фрейдизм мен неофрейдизм өкілдері тұлғаның түрткі себеп-эмоция тұрғысындағы эволюциясын ғана негізге алып жас кезеңдерін саралауға әрекеттенді. Отандық ғылымда баланың төлқұжаттық жасы оның нақты даму деңгейінің критерийі бола алмайтыны көрсетіледі: бұл деңгейді анықтау үшін баланың психологиялық жағдайына, тұлғалық сипаттамаларына, осының өзінде нақты бары ғана емес, толысу кезеңінде, таяудағы даму айғағы деп аталатын да сипаттамаларға талдау жасау керек болады. Жалпы организмнің және атап айтқанда, жүйке жүйесінің толысуы, стадиялық сипатта болады, жаңа психологиялық құрылымдар түзбей, әрбір жас кезеңінде жаңа тәжірибені игеру үшін, жаңа қарекет әдістерін меңгеру үшін, жаңа психологиялық процестер қалыптастыру үшін айрықша алғышарттар жасайды. Осымен қатар кері байланыс та байқалады: баланың өмірі мен тәрбиесі жағдайларына орай организмнің белгілі бір жүйелерінің, ми құрылымдарының қарқынды жұмыс істеуі ми биохимиясына, жүйке құрылымдарының морфогенезіне, ми қабығының тиісті өңірлеріндегі жүйке клеткаларының өсуі мен саралануына елеулі әсер етеді. Балалардың психофизиологиялық мүмкіндіктері көп екендігі анықталған. Әрбір сатыда сыртқы әсерлерге таңдамалы қабылдағыштық байқалады; балалар қарекет әдістерінің кез келгенін емес, белгілі бір түрін неғұрлым нәтижелі меңгереді. Бұл ерекшелік жастық сензитивтілік деп аталады және қайсібір жас кезеңінде (ол сензитивтік кезең немесе сензитивтік жас деп анықталады) белгілі бір психикалық қасиеттер мен процестердің дамуының оңтайлы сипатымен ерекшеленеді. Сензитивтік кезеңге қатысты күні бұрын немесе кешігіп барып оқытудың тиімділігі жеткіліксіз болып шығары анық. Оқытудың нәтижелігін арттыру баланың психологиялық-физиологиялық жас ерекшеліктерін және осы жас кезеңінде қалыптасатын психологиялық жаңа түзілімдердің маңызын бұлжытпай ескеруді талап етеді. Балалардың жас ерекшеліктерімен қатар даралық ерекшеліктерін де ескеру керек, жастары бірдей балалардың бұл ерекшеліктерінде елеулі айырмашылықтар болады.