lat: JAZA
қазақтың дәстүрлі әдеттік құқығының іргелі категорияларының бірі. Яғни, қоғамдық нормаға жат әрекеттері үшін айыпты адамға тағайындалатын (қолданылатын) құқықтық шара. Негізгі мақсаты – қоғамдық қатынастар жүйесіне жат, оғаш іс-әрекеттер мен қылық атаулыны осы шараларды қолдану арқылы тыю, оларды қайталамауға ықпал ету, дәстүрлі ата-баба жолының ілкімді прициптері мен нормаларының сақталуын қамтамасыз ету болып табылады. Сөйтіп, жаза қоғамдық қатынастардың қалыптылығын қамтамасыз етудің және реттеудің ең негізгі құқықтық нормасы да, принципі де, тіпті құралы да болды. Жазаны тағайындау және қолдану механизмі қазақ қоғамында әр кезеңде дәстүрлі ортада бұрыннан бар жол-жораның жолымен қалыптасқан «Қасым ханның қасқа жолы», «Есім ханның ескі жолы», «Жеті жарғы» сияқты жүйеленген заңдарының, яғни кодификацияланған әдеттік құқықтың іргелі қағидалары және ұстанымдарымен реттелініп отырды. Ертедегі әдет-ғұрып заңына сәйкес зәбір шегушінің немесе оған ақыие адамның шағымы бойынша іс қозғалып, айыпкердің қылмысы немесе айыбы дәлелденген жағдайда оған ақсақалдардың, би немесе билер кеңесінің шешімімен жұрт алдында түрлі жазалар тағайындалды және жүзеге асырылды. Жаза негізінен қылмыстың ауырлығына немесе жеңілдігіне байланысты тағайындалады. Дегенмен заманына қарай заңдар жүйесі уақыт өте толықтырылып, жеңілдетіліп не қатаңдатылып отырған. Мәселен, Қасым хан мен Есім хан тұсындағы әдет-ғұрып заңдары бойынша кісі өлтірген айыпкердің дүние-мүлкі тұтасымен талан-таражға түсіп, өзі өлім жазасына кесілсе, «Жеті жарғыда» өлім жазасы қылмыстың ең ауыр түрлеріне (әйелі ерін өлтірсе, ұрлық және т.б. қылмыстар) ғана белгіленген. Абылай хан билік құрған тұстан бастап өлім жазасы қазақ елінің бірлігіне, ынтымағына сызат түсіретін істерге, сырттан төнген қауіп-қатерге жағдай тудырған, сатқындық жасағандарға кесілді. Дәстүрлі ортада қолданылатын жазаның ауыр-жеңіл түрлерінің заман талабына немесе белгілі бір ахуалдарға байланысты өзгертіліп отыруын қазақ социумының жаңа ахуалға бейімделу стратегиясы ретінде бағамдауға болады. Мысалы, бұрын ауыр қылмыстар үшін (кісі өлтіру, зинақорлық және т.б.) міндетті түрде өлім жазасы қолданылса, Тәуке хан хандық жүргізген заманнан бері, әсіресе, орыс отаршылдық тәртібінің қазақ өлкесіне ХІХ ғ. екінші жартысынан бастап дендеп орнығуының нәтижесінде енді ондай жаза жасалған қылмыстың сипатына қарай құн төлеу жолымен алмастырылды. Қазақтың әдеттік құқық нормаларында жәбір көрушінің және оның жақындарының талабы – өлім жазасы болғанымен, билер соты мұндай қатаң талапты құн, айып төлеттіру, ел ішінде масқаралау, құлдыққа беру, т.б. шараларымен алмастырған. Әсіресе, ХІХ ғ. екінші жартысынан бастап осы кезеңде орыс әкімшілдігінің бастамасымен қабылданған сан алуан ережелерге сәйкес, жаза түрі негізінен – материалдық айып тартқызу арқылы, яғни құн, айып төлету түрінде атқарылды. Сөйтіп, кісі өлтіру сияқты қылмысты бұрынғыдай қанға – қан, жанға – жан принципі бойынша (қанды кек) жазалаудың орнына малмен тарту жазасы деп аталатын үрдіс, яғни, өлген адам құнын малмен өтеу жолымен жазалау орнықты. Ескере кететін гәп – осы кезеңде де ертеден қалыптасқан әдет заңдарында орныққан кәмелеттік жасқа толмаған адамды жазаламау жөніндегі қағида толық сақталынды. Қатал жазаны зардап шеккен жақтың келісімімен малмүлік төлеп құтылуына болатын түрін көрнекті қайраткер Төле би Әлібекұлы енгізді. Адам тағдырын шешетін жазаның мұндай ең ауыр түрін жеңіл жазамен алмастыру ханның не болмаса сұлтанның мақұлдауымен өткен билер кеңесінде бекітілген. Ауыр қылмыс түрлерін билер талқысына салмай жаза қолданудың ақыры ел ішін ушықтырып, жаңа қылмыстың тууына, сонымен бірге руаралық қақтығысқа дейін алып келген кездері болған. Дәстүрлі әдеттік құқық саласында жаза түрлерін – басымен тартатын жаза және малымен тартатын жаза деп бөледі.