ЖЕЛЕК

lat: JELEK

ұзатылатын қыз сәукелесінің артындағы орамалы. Үлкен жамылғыш желек сәукелеге міндетті қосымша болған. Ол жеңіл матадан пішіліп, сәукеленің төбесіне бекітілген және онымен бүкіл денені қымтап бүркенуге болатындай көлемде болып келеді. Сәукеле жұқа, қымбат матадан шеті жиектеліп, шашақталып тігіледі. Желектің түсі көбінесе қызыл, қызғылт, қызыл күрең өңді болып келеді. Оны әдетте қыздың шешесі дайындайды.                                                                                                                                                                                                      Қыз ұзату салтында келіншек көші ауылға таяған кезде қыздың анасы желекті күйеуге беріп оны ауылына жібереді. Оны алып барған күйеу жігіт алдынан шыққандардың біріне ұстатып жібереді. Желекті алған адам ауылға шауып барып, сүйінші сұрайды. Көп кешікпей келіншек көші ауылға жеткен соң, қызды өзіне арналған отау үйге кіргізеді, .... желегін жауып үлкен шаңырақтың табалдырығын аттатады.                                                                                                                                                                                                                                                 Беті ашылғаннан кейін желекті басына салады. Кейін тақияның немесе бөріктің үстінен желек салу да салтқа айналған. Бұндай желектің жиегі шашақталып, бұрышы кестемен әшекейленген. Үлкен кісілердің алдында инабат көрсетіп, бетін желегімен көлегейлеп сөйлесетін болған. Желегі желпілдеп, желегі алынбаған, желек астында деген бейнелі сөздері жас келіннің осындай жеңіл орамалын бейнелеумен байланысты шыққан. Желектің орнына жыл өткен соң (балалы болғаннан кейін) кимешек киеді.                                                                 Желек түркі халықтарында кең тараған. Желектің басқа жамы-латын ерекше шапан тәрізді бір түрі қарақалпақтардағы жегде. Оны басынан жамылып тұтас киеді, кейбірінде жеңі бар, кейбірі жеңсіз болып келеді. Сонымен қатар, Алтай қазақтары арасында кездесетін желектің ерекше бір түрі бар. Ол ұзын жұқа шапанға ұқсас етіп жасалған, алдыңғы жағы ашық, жеңі ұзын әрі қол өтетіндей емес жіңішке етіп жасалған. Желектің желке тұсы доғалданып, күләпара тәрізді пошымда тігілген. Басқа жамылуға ыңғайлы алдыңғы өңірі мен жеңұшы кестеленіп әшекейленген.