жайлау, қыстау, мал жайылымы мен егіндік, шабындық жерге, қоныстар мен құдықтарға, үй іргесіндегі үлескілерге (учаскелерге) таластан туатын даулар. Жерді ортақ меншік есебінде пайдаланған рулар мен тайпалардың арасында да Ж.д. жиі-жиі болып тұрған. Қазақ феодалдары өз руының қысқы, жазғы жайылымдарын, қоныс мекендерін, егіндік, шабындық жерлерін сырт көзге рулық қауымның ортақ меншігі етіп көрсеткенмен, іс жүзінде ең шұрайлы жерді өз иелігіне алып отырған. XVIII—XIX ғ-да отырықшылық пен егіншілік кәсібі дами келе, жерге жеке меншіктілік те айқын қалыптаса бастады. Мал жайылымын, егіндік-шабындықтарды иемденудің үстіне қоса феодалдар мен байлар сол жерді суару жабдықтары мен су қорларын меншіктену құқығын да иемденді. Мұнымен қатар шонжарлар жерді сатуға, қалың малға, құнға төлеуге, жалға беруге құқықты болды. Сөйтіп байлар мен кедейлердің, ру мен рудың, феодалдардың өз арасында Ж.д. күшейе түсті. Қазір біздің елімізде жер меншігіне қатысты мәселелер «Жер туралы» Заң бойынша шешіледі. Роман-эпопеяда әлеуметтік теңсіздік ескі мен жаңаның тартысы арқылы сол кездегі қоғамдағы келеңсіздіктермен байланыстыра суреттеледі. Мысалы, Құнанбай Бөкенші мен Борсақ руларының Тоқпамбеттегі қыстауын, Бетқұдықты тартып алады да, екі жақтың төбелесіне ұласады, Кұнанбайлар Бөжейді сабайды, сөйтіп ел арасы бүлінеді («Жолда»). Сондай-ақ, романда жердің атадан балаға мұра ретінде қалатын меншік екендігі жиі айтылады. Тәкежан аса шұрайлы Мұсақұл қорығын Құнанбайдан қалған мұра ретінде иемденеді. Кейін ол бұл жерді өз інісі Оспанға береді. Заң жүзінде қатардағы қауым мүшелері де жерді мұра етіп бере алатын еді. Сондықтан Құнанбай Меккеге жүргелі жатқанда Дәркембай одан Қодардың ұрпағы Дәрменге кезінде өзі басып алған Қарашоқы қорығын қайтарып беруді талап етеді: «Бірақ Қарашоқыны қайтесің? Ол мына баланың сыбағасы емес пе еді? Сол Қарашоқыда бүгін үлкен ауылың - Күңкенің ауылы маңғыстап, мал өсіріп, мыңғырып жатқан жоқ па?» дейді. Алайда мұндай құқықтың кедейлер үшін аты ғана бар-ды («Тайғақта»). Құнанбай тіпті ру арасындағы жайылымдық жерлерді бөлуді де жаулас руларды әлсірету үшін шебер пайдаланған. Ол аға сұлтан кезінде Бөкенші руына Талшоқы, Қарауыл, Балпан қорықтарына қонып алуды ұсынады. Жігітек руының көпті көрген, әккі басшысы Бөжей Құнанбайдың ішкі есебін бірден аңғарады: «Мұнысы Кішекең, Бөбеннің жер жапсары бір болсын. Екі атаның ұрпағы жерлес болса, татулыққан кетеді. Жақын отырып, бес тал көде мен бір ұрттам суға да қиталасып таласа берсін дегені» дейді. Бөжейдің бұл пайымдауы дұрыс боп шыкқы. Қос қонысты Бөкеншіге Жігітектен алып бергелі көші-қонда, жайылым-өрісте, бие байлауда даулы болып, біріне-бірі қырын қарап барады. Сөйтіп Байдалы мен Түсіптер күнде көріп, сезіп- біліп: «Бөкеншіні өкпелетіп алмасақ екен, қолтығымыздан шығарып алмасақ екен» деп, дамылсыз күдіктеніп отыратын болған». Құнанбайдың озбырлығының күштілігі сонда, ол өз көршілерінен тартып алған жерлерді өзімен одақтас руларға емін-еркін үлестіріп отырған («Қат-қабатта»). Сонымен қатар түрлі рулар жайылымдарды әркелкі мөлшерде пайдаланған. Мәселен, Тобықты руының ішінде ең жақсы жайылымдарды Құнанбай бастаған Ырғызбайлар басып алады. Жері аз рулар жұтқа ұшырап, ауыр азап тартады. Жайылымы аз Жігітек руының көпшілігі кезекті бір жұтта тып-типыл боп жұтап шыға келеді. Өйткені «Құнанбай адам деп санамайтын аз ата, сансыз атсыз көпшілік болса, малы қайда барарын, басы қайда қаларын білмей, сеңдей соғылып жүр» («Жұтта»). Ал Арқатта болған төтенше сиязда Семей уезіне қараған он алты қазақ болысының басы қосылып, Тобықты жағынан төрт болыс пен Көкен жағынан бір болыс болып дауласады. Төбе би Абай болып сайланады. «Тобықтының Көкен елін осы көктемде шапқанын менен сұраудың қажеті жоқ. Оны жалған дейтін жан жоқ. Мен Тобықтының ұлымын. Ешкімге сатылғам жоқ. Сондықтан да Тобықтының терісін айтам, тентегін, зорлығын, бұзықтығын айтам. Ең әуелі айыпкер деп мен ең алдымен кешегі өткен өз әкем Құнанбайды атаймын!» деп, Абай өз әкесі Уақтан тартып алған Жымба, Арқалық, Күшікбайды түгелімен «Уақ жері» деп кесіп берді. Кеше ғана Оразбайлар алғызбаймын деп бүлік бастаған Ақжал, Төрекұдық, Обалы, Қоғалы деген қоныстардың бәрін Көкен елінін ауылдарына бұлжытпастан санап берді. Сол барымтада жаза шеккен, тұтқын болғандарды атап-атап айтты. «Мен бүгін сондай жандарды осындай етіп сорлатушы Оразбай, Әзімбайлар өзгеше бір жаза шексін! Соларға дәл осы сорлатқан адамдар үшін өзге қылмыстарынан өзгеше кесім кесілсін дер едім! Дау-дамайсыз, бүгін өрісі тарылған, өздері жер емшегін еміп, адал кәсіпке ауысқан Көкен елінің жер дауы сол елдің пайдасына шешілсін!» деп төбе би бір байлау жасады. Сонымен Абай өзін Тобықтымын демей, жалған намысты жоқтамай, дауды ақ, әділ шешіп берді». Кейінгі кесік те осы куәліктен аттап өте алмады. Ақыры Тобықтының Оразбай бастаған бар жуаны мойны астынан келіп жығылды». Дәрмен: «Әттең, Абай аға, қадіріңді білер халкың аз, қайтейін? Көзім жаңа жетті ғой!» деп, «Атаның ұлы болма, адамның ұлы бол!» дейтін ақынның өсиетін өзіне айтты («Қастандық»).