lat: JUT
күн райының қолайсыздығынан қардың мөлшерден тыс көп түсіп, ақтүтек борасынға ұласуы, аяқ асты күн жылып кетіп еріген қар мұздаққа айналуы, қар түспей қақаған қара суықтың болуы, жерді қуаңшылық жайлауы т.б. табиғи апатқа байланысты малдың жаппай шығынға ұшырауын білдіретін ұғымның атауы. Жұт жылдары жұттың өзге қиыншылықтармен қатар келуін халық жұт жеті ағайынды деген. Оған қуаңшылық, iндет, зiлзала, сел, өpт, боран жатқызған. Қыс басында жаңбырдың жаууы, күннің жылымық тартуынан қар еріп жайылым жердің мұздақ болуы; қардың қалың болуымен қатар боран, бұрқасынның жиілеуі; қыс аяғының созылуы сияқты себептері тебіндейтін төрт түлік малға жайлы тимей ақ жұтқа ұрындырған. Күн райының бұлай өзгеруі мал-жанның құтын қашырып, берекесін кетірген. Жұтқа ұшыраған елдің отар-отар қойы, табын-табын жылқысы қырылған. Бай бір жұттық болып , тіптен тігерге тұяқ қалмаған. Сондай-ақ көктем мен жаздың жаңбырсыз өтуінен шөптің қурап кетуі, қыста қар түспей қақаған қара суықтың болуынан мал қырылып зардабы қатты болған. Мұндай жұт – қара жұт деп аталған. Бұндай табиғаттың тосын мінез танытуынан мал басы көптеп шығынға ұшыраған. Қазақ жерінің терістік аймақтарында ХІХ-ХХ ғғ. бірнеше рет жұт болғаны жөнінде едәуір деректер бар. Оның көбі қоян жылына сәйкес келген және олар тарихта үлкенқоян, кішіқоян, жалпаққоян, көкқоян, аққоян, тақырқоян, сонымен бірге тигізген зардабына байланысты ақ сирақ жұт, ақ сүйек жұт, ақ сөңке жұт деген атпен қалған. Халық санасындағы қоян жұтының, ақсөңке жұттарының кесепаты мынадай деректермен дәйектелінеді. ХIХ ғ.-да қазақ даласында 20 iрi жұт оқиғасы тiркелген және оның көбі қоян жылына тура келгенін айта келіп Х.Әбішев: «1811-12, 1826-27, 1827-28, 1829-30, 1838-39, 1844-45, 184849, 1853-54, 1867-68 (жалпаққоян); 1873-74, 1875-76, 1879-80 (үлкенқоян); 1884, 1888-89, 1891-92 (кішіқоян); 1893 (Торғай уезінде декабрьде қалың жауын жауған), 1894 (Қарқаралы уезінде декабрьде күшті жаңбыр жауған), 1897-98, 1902-03, 1907-08, 1911-12, 1915-16 (тақырқоян не аққоян), 1916-17, 1918-19, 1919-20, 1920-21, 1924-25, 1926-27, (көкқоян), 1927-28» деп таратып көрсетеді. А.Добросмыслов берген дерек бойынша 1850 жылы Торғай обл.-да тек екі күнге созылған үскірік боранның салдарынан 4731 түйе, 17739 жылқы, 12110 сиыр, 257425 қой мен ешкі қырылған. Торғайдағы 1891-1892 жылғы қыс жұтында қазақтар жылқы үйiрiн 300 верстке дейiнгi алысқа айдап тебiнге жеткiзуге мәжбүр болған. Көп ауылдар «таяқ ұстап» қалып, өлген малдың тек терiсiн ғана сыпырып алған. Торғай обл.-да жұт кесiрiнен жылқының 47,76%-i, сиырдың 32,12%-i, түйенiң 22,13%-i, қойдың 33,21%-i, ешкiнiң 32,76%-i қырылған. Қырылған мал мөлшерi Ақмола обл.-да жылқы 10398, сиыр 29 580, түйе 9606, қой мен ешкi 217 470 мөлшерiн құраса, бұл сандар Семей обл.-да 30031 жылқы, 8560 сиыр, 3560 түйе, 150260 қой, ешкi қырылғаны жайлы мәлiмет тiркелген. Қыс жұты тек солтүстiк өңiрлерiнде ғана емес құмдағы шопандарды да айналып өтпеген. Аталған И.Аничков мәлiметi бойынша 1891-1892 жж. қысында Сырдария обл.-ның Қазалы уезiнiң Қарақұмда қыстаған малшылар жылқының 90 пайызы, қойдың 80 пайызы, түйенiң 60 пайызы қырылған. Сыр өңiрi мен құмдағы шопандар үшiн боран мен қара желден мал шаруашылығына орасан зор шығын келетiн. Қазақ жерінде болған жұттар 10-12 жыл сайын қайталанып, оның зардабы 8-10 жылдан соң барып қалпына келіп отырған. Аталған жұттардың iшiнде ең iрiсi – 1879-1880 жылы болған ұлы қоян жұтында қазақ даласындағы малдың шамамен 48%-ы, яғни жартысы шығындалған. Бiр ғана Торғайда 1 071 384 мал қырылған. Бұл жылдары О.Шкапский мен И.Аничков есептерi бойынша Ырғыз бен Торғай уездерiнде барлық мал түлiктiң 59 пайызға, ал обл. көлемiнде 42 пайызға жеткен. Тұралатқан жұттан соң шаруашылық бұрынғы қалпына өте баяу келген.