ЖЫҒА

lat: JYǴA

(пар. жиға جيغه)   

1. Асыл тастармен әшекейленген парсы шаһтарының (әйелдерінің) тәжі.

Баршаларың ішінде мен әудаға, Кигенім жібек-дүр, алтындан жыға («Хикаят Көрұғлы сұлтан». Бабалар сөзі. 48-том. 2008. 100 томдық).

Жыға тәжін ұрмаймын, Басым құтсыз болған соң! («Мәулімнияз Едіге». Бабалар сөзі. 39-том. 2006. 100 томдық).

2. Шоқ қауырсынмен немесе асыл тастармен көмкерілген қораздың айдары тәрізді әшекей.

Бой түзеп тіке тұрды қадам басып, Басына тәжін киді, жыға шаншып («Қисса Ләйлі Мәжнүн». Бабалар сөзі. 19-том. 2005. 100 томдық).

Жығасын шаншып басына, Ілестіріп соңына, Әбубәкір, Омарды («Қисса Зарқұм». Бабалар сөзі. 12-том. 2005. 100 томдық).

Таз кептің бауын шешті көрсеткелі, Жығасынан бұрқырап айдар кепті («Қозы Көрпеш өлеңі» (Д.Айтбаев нұсқасы). Бабалар сөзі. 55-том. 2009. 100 томдық).

3. Ауысп. Батырдың бас киімі.

Алтындан жығалы сауыт кигенлер, Бізлерге ұшыраса деп жүргенлер («Хикаят Көрұғлы сұлтан». Бабалар сөзі. 48-том. 2008. 100 томдық).