ЖЫРАУ

lat: JYRAÝ

Қазақ дәстүрлі поэзиясының басты өкілі, топ алдында сөз сөйлеуші, қобыз, домбырамен сүйемелдеп жыр шығарушы ерен тұлға, хан мен билердің ақылгөйі, хан ордасындағы халық жаршысы. Бізге белгілі жыраулар поэзиясы қазақ пен ноғай айырылысқан заманнан бері пайда болып, XIX ғ. Махамбет және Зар Заман өкілдерінің шығармашылығында шарықтау шегіне жетеді. Жыраулар поэзиясын грек антиктік заманындағы эпикалық дәстүрмен, Еуропадағы ортағасырлық рыцарлық әдебиеттің құбылысымен салыстыруға болады. Айырмасы біздегі жыраулар поэзиясы авторлық поэзия және таза жыр-дастан поэзиясы емес, дәстүрлі танымдағы лирика. Егер рыцарлық нұсқасындағы ақындар әйел, ханым бейнесін дәріптесе, жыраулар асқақ елсүйгіш сезімін романтикалық дәрежеге, имани ұстаным деңгейіне көтерген.