Жау

lat: Jaý

зат есім. 1. Біреудің елін-жерін жаулап алмақ болып шабуыл жасаушы, шапқыншы. Бізге ең қиыны, жанымызға батқаны жаудың жақыннан шыққаны болды (М.Дулатов, Шығ.). Азырақ сайда аялдап, Жауды жаяу барладым. Шідер салып екі атқа, Шылбырларын байладым (О.Шипин, Дастан.). “Қайран біздің даламыз Қазақстан Таза алтыннан жаралған, таза мыстан”, деп мақтанып келеміз баяғыдан, Сол үшін де жоқ едік аз алысқан. Ішкі, сыртқы жауменен қанша ғасыр, Қаншама рет даланың тозаңы ұшқан (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ). 2. Өштескен, қастасқан адам, дұшпан. Қалаға су беріп тұрған барлық бұлақтарға жау өлексе тастады, үзім бауларын күйдіріп жіберді (М.Жұмабаев, Шығ.). Мыналардың бізге барып қалған он жақсы жылқысы бар, бұл мал менің жауларыма қайтарылып берілгенше өздерің олжа қылыңдар, мен кешіктірмей сатып жіберемін (М.Дулатов, Шығ.). Бұның ол жолына ел жуаны жау. Олар Абайдың өзін де бұрынғы өтірік пәле-жала жабумен жарға жықпақ болады (М.Әуезов, Әр жыл.). Өмірде неше түрлі уды іштім, Неше түрлі азапқа, жаным, түстің. Ағайынның ішінен ала шықса, Ж а у ішінде бар ма екен сонан күштің (С.Торайғыров, Алаш ұраны). Арындадым, өзімше дабылдадым, Барлық сыйын тағдырдың қабылдадым. Жауыздыққа ауыздық салсам дедім, Кейінірек байқадым жауым барын (Т.Молдағалиев, Шақырады.). 3. ауыспалы мағына. Зиянын тигізетін, кесірін келтіретін нәрсе. Жақсының жауы жексұрын, Патша, хан, би, бегің де Ол өмірдің өртіндей, Өмірі ұқсас көмірге (Жамбыл, Тол. жин.). Шығанақтың айтуынша, тарының жаны да су, жауы да су (X.Мұстафин, Ақ тары.). Шөл адам баласының мейірімсіз жауы (Ә.Кәкімжанов, Коммунизм.). 4. ауыспалы мағына. Белгілі бір нәрсеге тойымсыз, ашкөз, обыр. Қымыз, шұбат, айран, шалап дегендердің Меркебек тұрған жауы (Т.Жармағамбетов, Сентябрь.).