Жау

lat: Jaý

етістік. 1. Жаңбыр, бұршақ не қардың аспаннан жерге түсуі; нөсерлеу. Қарашада қар жауып, Суық түсті зымыстан. Құлақтанып күн шықты Долданғандай шығыстан (О.Шипин, Дастан.). “Қар жаумай, қазан ұрмай” деген нақыл Тал түсте біз қаламыз неге қапыл? Үйіндей әкесінің “оләуләйлап”, тар көшеңде келе жатыр (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ). Жаңа жылда түскен жаңа келіндер, Жас жұбайдың құшағына еніңдер, Жармен бірге біразырақ серуендеп, Жауған қарды сендер дағы көріңдер (C.Жиенбаев, Алтын қалам). Сойылған қойдың қарнының түгі қалың болса, қыста қар көп жауарының нышаны (Б.Қонарбаева, Қаз. наным. сенім.). Сіркіреп жаңбыр қайта жауды (Б.Қожабеков, Көктөбе). 2. ауыспалы мағына. Бір нәрсенің қаптап кетуі, көбеюі. Кей астыртын сырменен, Кей оңбаған сұмменен Торғайға жетті бұл хабар, Жай түскендей басына, Оқ жауғандай қасына Дір-дір етті жандарал (О.Шипин, Дастан.). Жасың қатар құрдастар, Тілеуің бірге сырластар, Өрт бұршағы жауғанда Қажымастан кім бастар. Отан үшін берілген Қайратты туған ұл бастар (Қ.Жапсарбаев, Сөйле.). Жан-жақтан жауып кеткен соққыны сезеді (Б.Тілегенов, Аққайнар).