Жауап

lat: Jaýap

[араб тілі. ] зат есім. 1. Біреудің сұрағына берілетін уәж, қайтарылатын сөз. Сіздейін жаздым жауап білгішіме, Не түрлі жазған сөзің кірді ішіме Сырымды жалғыз саған білдіремін, Айтпаған мұнан бұрын бір кісіге (М.Дулатов, Шығ.). Жырлай берсем, жырым көп, Көзімнен жауын жауады. Айта берсем, мұңым көп, Ойласам, есім ауады, Жалған жауап айтпаған, ісің еді-ау анық тым (Ә.Найманбаев, Шығ.). Менің берген жауабым: Жүдедім, шеше, күйіктен, Келемін қаңғып жарысып, Даланы кезген киікпен (О.Шипин, Дастан.). Өксіп өткен адамдай ұрпағы жоқ. Кілең жоққа” мылқаудай тіл де шолақ, Не беретін жауабы, сылтауы жоқ (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ). 2. ауыспалы мағына. Қарсы әрекет; еруліге қарулы. Морозовты білемін Атағы оның ардақты. Тап жауына қарсы боп, Берген іспен жауапты (О.Шипин, Дастан.). Бұған жауап ретінде патша үкіметі жасақ үстіне жасақ шығарды (I.Есенберлин, Қаһар). Бұл оның Зере мінезіне орай істеген туысқандық жауабы (М.Әуезов, Таңд. шығ.). 3. ауыспалы мағына. Тергеу, сот. Абайды қалаға жауапқа шақыртып барып, абақтыға салғызды (М.Әуезов, Шығ.). Қайтар емес бетінен, Тұрса да ажал көрініп. Әли келді жауапқа Екі көзі қызарып. Екі жағы суалған, Сақал, шашы ұзарып (К.Әзірбаев, Таңд. шығ.). Тауға ұқсатқан кезіміз бар адамды, Сенім көлін боз тұман орап алды. Біздің сәби жанымыз тұңғыш рет Әділетсіз жауаптан жараланды (М.Шаханов, Ғасырлар.). Жауапқа кірді, Ұлан түсі кеткен, Әзер тұр, әлсіреген, күші кеткен (Қ.Жармағамбетов, Баллада.). 4. математикалық. <ағылшын тілі. response> Есептің қорытындысы, нәтижесі. Жауабы қиын есеп секілді. Мұның қызық екен, балам. Ал есебіңнің жауабы қалай (К.Тоқаев, Түнде.). Айша қанша ойланса да, жорамалдаса да,жауабын шеше алмаған (К.Жүнісов, От пен күл).