Жаяу

lat: Jaıaý

сын есім. Көліксіз, астында мінген көлігі жоқ. Азырақ сайда аялдап, Жауды жаяу барладым. Шідер салып екі атқа, Шылбырларын байладым (О.Шипин, Дастан.). Темірбай жатқан қараған бұтасына қарай он бір салт келе жатыр. Анықтап қараса, он бірдің бәрі атты болып ұйқылы көзге көрінген екен, екеуі жаяу екен (М.Жұмабаев, Шығ.). Алтын теріп әр түйір тастарыңнан, Бақыт таптым бауырыңнан, асқарыңнан. Айхай, далам, сусындат дастаныңнан! Жаяу кезсек ғұмырым жетпейді екен, Құс боп ұшып өтейін аспаныңнан (М.Мақатаев, Шығ.). Тіл қатпайсың, тіпті жақындамайсың, Жалғыздықты неге батыл қалайсың. Жаяу қалсаң, жете алмасаң арманға, Мініп жүрген менің атымды алғайсың (Т.Молдағалиев, Шақырады.). // Жаяу жүрген адам, көлігі жоқ кісі. Жаяумын, бұл сәт, о, ғажап, Көшеде жоқ қозғалыс. Құбылыс қой мынау жат, Қашан, қалай болған іс? (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ). Жер сұлуы Жезкиігім, аяулы. Сені көрмей, Көңілім көптен қаяулы. Ізіңді іздеп, Жалғызсырап барғанда Қарсы алармысың жаяуды, Ауылым менің ояулы (К.Салықов, Жезкиік). Ал, тақсыр, ақылға кел, ашуың бас, Кессе де кемімейтін кенім сенсің, Жаяуларға ат болған, аштарға ас (Жанақ).