етістік. 1. Көліксіз жаяу жүру. «Жаяулап келер жұртына, Балды май жағар мұртыңа. Сұрамай алар жаныңды, Бауыздамай ішер қаныңды. Есепке салар малыңды, Солдат қылар ұлыңнан, Көрерсің әлі құлыңнан...» – деп, келмеске құты ұшып, жеңілгені (С.Торайғыров, Алаш ұраны). Жаяулап кері қайттық, денем аман, Қызыл ат үстен тоқым, ерін алған, Кісінеп, әлдеқайдан болды ғайып, “Берді ғой Құдай қайтіп сені маған!” (Ғ.Қайырбеков, Көнсадақ). Арлы-берлі ағылған жұрт жаяулап, Ақ қанатты қар жауып тұр баяулап. Аяғыңмен басуға оны қимайсың, Адамдарға осынау дүние аяулы-ақ! (C.Жиенбаев, Алтын қалам). 2. ауыспалы мағына. Желдің т.б. баяу, ақырын, жай соғуы. Осы қараңғы түнде майда қоңыр желдің жаяулаған жұмсақ қоңыр сарынынан басқа, алдыңғы ауылдан ақырын, нәзік сыңсыған бір ызың естіледі (С.Сейфуллин, Әңгім.). Күй дәуірлейді, сорғалайды, жаяулайды. Бейне құйын жүрген су жүзіндей толқындап, жыбырлап, сыбырлап барып басылады (Ж.Аймауытов, Шығ.).