Жая

lat: Jaıa

зат есім. 1. Жылқының екі жамбас сүйегінің тұтасқан сырты, дене мүшесі. Менің астымдағы жирен ат қырдың киігінше сырғиды. Жалы, арқасы, жоны, жаясы жұп-жұмыр (С.Сейфуллин, Тар жол.). Түйе жүн шекпен қуалай жонынан қақ айырылып, саулаған қан ақ боз аттың жаясын жауып жүре беріпті (Ғ.Мүсірепов, Кездесп. кет.). Көк ала ат, ат екенсің ерге лайық, Жаяң жасыл жайлау ғой, төсің қайық (Жанақ). 2. Осы мүшенің еті. Жал пісіріп, жая ассаң, Ұқсар ма дәмі шекерге? (Кердері Әбубәкір, Қазағым). Әй, жеңгей, араз болма қажыменен, Қажының айнала бер сазыменен. Кигенің ылғи жібек, ішкенің шай, Жегенің жал мен жая, қазыменен (Кердері Әбубәкір, Қазағым). Жылқы етінен қазы, шұжық, жая, сүр ет, жал және қарта тағамдары даярланады (Қазақст. етті молайту.).