Жаңар

lat: Jańar

етістік. 1. Бүтінделу, тазару, өңі ашылу.

Көрпе-жастықтар бірөңкейленіп, жаңарып кетіпті (Ғ.Мүсірепов, Кездесп. кет.). Айырбастап жылқыны, Біреулер берді матаны. Ақша түсті қалтаға, Ж а ң а р д ы жыртық шапаны (О.Шипин, Екі дастан).

2. ауыспалы мағына. Жақсарып көркею, өркендеп даму, жаңғыру.

Түсінем, түлейді өмір, жаңарды, Жаңа өңірде жаңа оттар жанар әлі. Нелер ұрпақ әлі де ағарады, Секілденіп өзінің бабалары, Қалса болды халқының шежіресінде, Әр ұрпақтың өзіндік бағалары. ЖылдарЖылдар жылжиды жоғалады, Жаңа жылдар сағаты соғар әлі (М.Мақатаев, Шығ.). Ескінің жаңарғаны, немесе, жоғалғаны оның ойында жоқ (С.Бақбергенов, Адам және көлеңке).Жаңарған жер, өзгерген аймақта Ақанның жаз бойғы ермегі де баяғыдай басқа болды (Т.Әлімқұлов, Айтек сарыны). Бұл өмір таусылмас, жаңарар адамзат. Арам ой ұмытылып, зорлықшыл болар мат (Ш.Құдайбердиев, Шығ.). 3. Қайтадан өзгеру, орны ауысу. Тоқта! Сәл кейін... рульді оңға. Телеграф аппараты тағы да қоңырауланады. Жарлық тағы да жаңарады (Ә.Сәрсенбаев, Теңіз.). Рельстің жаңарып ауысқаны болмаса, жол сол Дарханның салған жолы (О.Бөкеев, Өз отың.). 4. Өзгеру, Жаңа көзқараспен қарау. Ел өзгеріп, жұрт жаңарып, жақсылыққа бет бұрып жатсаңдар да, әйел жұмсауларың сол баяғыша екен, деп күлді де, Жанар, сен енді отыр. Қалған шаруаны біз істейік, деді Сәрсен (Т.Ахтанов, Дала.).