зат есім. <латын тілі. globus> Бүкіл дүниежүзі бойынша қоғамның сан-саласын қамтитын теріс және оң құбылыстардың жиынтығынан тұратын әлемдік үдеріс. Жұрттың көбі жаһандануды Ақырзаманның жан алғышы, мифтегі жер дүниені жалмайтын әжүж-мәжүж секілді құбыжық көретінін ашық айтып отыр («Қаз. әдеб.»). Әр қилы елдерді жаһандануға бірте-бірте бейімдеу бағдарламасын жасау қажет (“Егемен Қазақстан”). Жаһандану немесе ғаламдану деген сөздің тарай бастағанына біраз жыл болды. Бұл сөздің мағынасын кейбір саясаткерлер, социологтар түрліше түсіндіріп, өздерінше бұдан әлденендей жаңалықтың нышанын көргендей сыңай байқатады («Қаз. әдеб.»). Меніңше, жаһанданудың астарын түсіндіру үшін, дүниежүзі философиясын оқып танысудың қажеттігі жоқ («Қаз. әдеб.»).