Жаһандану

lat: Jahandaný

(globalization). 1980 жылдары консерваторлар байлықтарын ұлғайту үшін әлемдік сауданы шектеуді тоқтатуды қолдады. Жұмысшы және отандық өнеркәсіп салаларын қорғайтын сауда ережелерінің алып тасталуы нәтижесінде трансұлттық сауданың жаңа дәуірі басталды. Қазіргі кезде тауарларды Мексика, Қытай және Вьетнам сияқты жерлерде өте аз қаражатқа, жалақысы төмен жұмысшылардың күшімен өндіруге болады, өйткені күнкөріс деңгейіндегі айырмашылық АҚШ сияқты өнеркәсібі әлдеқайда дамыған елдермен салыстырғанда, еңбек құнының осы елдерде өте төмен екенін көрсетеді. АҚШ-тағы жағдайы бар адамдардың жұмыс орындарын шетелге ауыстыруға, жұмыс күшіне әлдеқайда аз төлеуге, сатылған заттардан соған сәйкес табыс тауып, әлдеқайда көп пайдаға кенелуге мүмкіндігі туды. Жаһандану АҚШ сияқты елдердегі жұмысшылар санының, табыстың айтарлықтай азайып, күнкөріс деңгейінің төмендеуіне себеп болды, сондай-ақ байлықты капитал ұстаушылардың аздаған бөлігінің қолына шоғырландырды. Нәтижесінде теңсіздік айтарлықтай өсті. Дәл сол кезде Қытай сияқты елдер «алғаш рет және дәл осы себептермен жаңа халықаралық сауда жүйесінен көп нәрсені ұтқан жаңа тап, алпауыт инвестор-өнеркәсіп иелерінің пайда болғанын» көрді. Қытай сияқты елдерде жұмысшылардың күнкөріс деңгейі жақсарды, бірақ бұл АҚШ сияқты елдердегі жұмысшылардың есебінен болды. Бұрын америкалық жұмысшыларға төленіп келген жалақы енді қытай жұмысшыларына төленетін болды. Байлықтың Шығысқа қарай көшуі, сонымен қатар байлықтың қоғамның жоғарғы бөлігіне қарай ауқымды түрде ауысуына да себеп болды.