Жанасу сезімталдығы

lat: Janasý sezimtaldyǵy

əртүрлі тітіркендіргіштердің дене беткейіне əсерінен туындайтын түйсіктер жиынтығы. Теріге механикалық əсер жанасу жəне жаншу, қысу түрінде беріледі. Оның алғашқысы шапшаң бейімделетін, соңғысы-баяу бейімделетін рецепторларды қоздырады. Жанасу түйсігін тудыратын тітіркендіргіштерге кез келген түк талшықтарын тербелтетін болмаса тері бездерін зақымдай өзгертетін тітіркендіргіштер жатады. Қысылу, жаншылу түйсігін шел (терінің астарлық дəнекер ұлпасы), сүйек қабығы, сүйек, буын қалтасы, сіңір қабығы мен бұлшық ет шандыры рецепторлары қабылдаған механикалық тітіркендіргіштер тудырады. Жанасу мен қысуды түк түбіріндегі нерв торламасы, жалаңаш нерв ұштары, Мейсснер жəне Пачини денешіктері, Меркель табақшасы (дискасы) қабылдайды. Жанасу түйсігі тізбектелген процестер нəтижесінде туындайды. Алдымен механикалық тітіркендіргіш əсерінен нерв ұшының пішіні өзгеріп, мембрана беткейі керіледі де, оның кедергісі азаяды. Осыдан мембрананың натрий, калий, хлор т.б. иондарға деген өтімділігі артады да, рецепторлық жəне генераторлық потенциалдар туындайды. Мұның нəтижесінде нерв импульсі пайда болады.