Жапқыш

lat: Japqysh

зат есім. 1. Әртүрлі заттардың үстін жабуға, қалқалауға арналған жамылғы, перде.

Айнала іргеге тақай кереуеттер қойып, олардың үстіне қарапайым бомази жапқыштар жабылған (М.Қаратаев, Далада.). Басқалары үш-үштен екі станинаға отырып, ортада біреу брезент жапқыш үстіне алып соғып, аппақ боп жалтыраған болат затворды бөлшектеп жатыр (Ә.Нұршайықов, Махабб. жыр.). Оң жақта тұрған сүйек төсек Еркежандікі. Мұнда екі түрлі зат бар: шымылдық пен төсек жапқыш (К.Оразалин, Абай.). Екі киім жапқышы бар үй әлді үй (Б.Соқпақбаев, Бастан кеш.). 2. Шыбын-шіркейлерден қорғану үшін жасалған перде. Е.И.Марциновский атындағы институттың қызметкерлері соңғы кезде қан сорғыш насекомдардан қорғайтын ыңғайлы жапқыштар жасап шығарған (Т.Досжанов, Зиянды насеком.). 3. сушаруашылық. Гидротехникалық имараттың су өткізгіш құрылыстарының беті мен табаны аралығындағы су көлемін реттеуші құрылғы. Егер жапқыш гидравликалық әсерлі болса, онда басқару аппараты көмегімен жұмыс істейтін болады (Қаз. тілі термин. Су.). Жапқыштардың орналасу ерекшеліктеріне, құрылымдық белгісіне, су қысымының берілуі дәрежесіне, су өткізу тәсіліне және жұмыс процесі кезіндегі қозғалыс бағытына (ашып-жабу) байланысты он шақты түрі болады (Қаз. тілі термин. Су.). Жапқыш металдан, ағаштан, темірбетоннан және т.б.. материалдардан жасалуы мүмкін. Пайдалану мақсатына қарай: негізгі жапқыш және оның апатқа ұшырау жағдайында іске қосылатын жапқыш жөндеу жұмысын, құрылыс жұмыстарын жүргізу кезінде қолданылатын жапқыш түрлеріне бөлінеді (Қаз. тілі термин. Су.).