lat: Jaramsyz
сын есім. 1. Көңіл толмайтын, жағымсыз, қолайсыз, ұнамсыз.
Есіл өмірді ескерусіз, босқа жарамсыз қылықпен қор етіп өткізді (Абай, Тол. жин.). Мысалы, надан атанбастығын, жеңіл атанбастығын, мақтаншақ атанбастығын, әдепсіз, арсыз, байлаусыз, пайдасыз, сұрамшақ, кеселді – осындай жарамсыз қылықтардан сақтанып, сол мінездерді бойына қорлық біліп, өзін ондайлардан зор есептемек (Абай, Тол. жин.). Аймақтық қызметкерлердің айтуларына қарағанда, Қазақстанның әр жерінде әлі де жарамсыз істер бар көрінеді (С.Сейфуллин, Шығ.). Бұл жағдайда өз ішімізде тынышсыздық туғаны аса жарамсыз іс екен (Б.Аманшин, Жар мұңы). 2. Қабілетсіз, мүгедек, кемтар. Өзі жамбасынан жараланып, соғысқа жарамсыз болғандықтан, осы көктемде армиядан қайтып келген-ді (С.Омаров, Дала қызы). Мен жарамды болып шықтым да, Кәбира әскер қатарына баруға жарамсыз деген қорытынды алды (Ә.Нұршайықов, Махабб.). 3. Істен шыққан, тозығы жеткен, іске алғысыз. Қосалқы машина жайын сұрастырсақ, завод экспедициясының қорасында тұрған он шақты грузовиктің біреуі де жолға жарамсыз екен (С.Мұқанов, Есею жыл.). Көрінбейтін тігістің бір жері сыртқа кетсе болды, доп жарамсыз (С.Бердіқұлов, Жұмыр жер.). Бертін келе, адамзат қоғамы дамыған сайын қолөнердің біразы жаңа әдіс тауып, жаңа түрге ие болды, кейбіреулері тұрмыс қажетіне жарамсыз болғандықтан, тіпті қолданылмады (С.Қасиманов, Қаз. қолөнері).