lat: Jaratylys
зат есім. 1. Табиғи болмыс, табиғат. Білімсіз-ғылымсыз өнер табылмайды.
Сол алған білім-өнерлерін адал еңбекпен жаратылыстың мол байлығын пайдалануға салса, табылмайтын нәрсе жоқ (Ш.Құдайбердиев, Шығ.). Бірақ… жалпы жаратылыста да, адамның өмірінде де, адамның ойында да өзгерістің даярлығы болмаса, дәл өзі ұзаққа созылып барып болмақ емес (М.Жұмабаев, Шығ.). Негізінен жаратылыс пен дүние құрылымы заңдарына қатысты бұл ілімдер жер шарының күллі елдерінде ежелден ұрпақтан ұрпаққа, онда да азғана таңдаулыларға таратылып келген болатын («Қаз.әдеб.»). 2. Бітім, келбет, пішін. Мұндай да сұлу жаратылыс болады екен ғой (Д.Әбілев, Арман.). 3. Тегі, табиғи тіні, болмысы. Әкесі Бекболат екеуін, «екі әуейі» деуші еді. Алайда екеуінің жаратылысы екі басқа еді (Ж.Аймауытов, Шығ.). [Еркебұланның] жаратылысы – ақын, отырыс-тұрысы, бәрі – ақын (Ғ.Мүсірепов, Кездесп.кет.).