зат есім. 1. тарихи. құқықтық. Орта ғасырлардағы түркі мемлекеттеріндегі ханның немесе әскер басыларының бұйрығы. Алтын Орда мен Қырым хандарының жарлықтары біздің заманымызға дейін жеткен (ҚҰЭ). Хандардың өздеріне тәуелді бектерді тағайындау және ішкі-сыртқы саясат мәселелеріне қатысты жарлық шығаруы үрдіске айналған (ҚҰЭ). Өңкей батыр жиылып, Абылай салды ж а рл ы қ т ы (Бұқар Жырау, Жыр.). 2. Бұйрық, әмір. Отан қорғау ісіне көмегі тиер деп, бізді жұмысқа шақырған жарлық шықты (Ә.Бөкейханов, Шығ.). 3. ауыспалы мағына. Айтқаны, сөзі. Жарлығы екі болмас хақ құдайым, Жанында серігі жоқ тақ құдайым, Жанымды алсаң, құдая, иманмен ал, Шайтанның қазасынан қақ, құдайым (Шал ақын, Өлеңд.). 4. заң. Мемлекет басшысының қабылдайтын құқықтық актісі. Құқықтық жағынан жарлық нормативтік және нормативтік емес болып бөлінеді (ҚҰЭ). Нормативтік жарлық мемлекеттің бүкіл аумағында міндетті күші бар құқықтық нормаларды белгілейді. Нормативтік емес жарлық нақты оқиғаға байланысты шығарылады (мыс., азаматтарды лауазымды қызметке тағайындауға, марапаттауға, т.б. байланысты) (ҚҰЭ). 25 июнь жарлығын бетке ұстап, дағдарған елді олжалану, ескі кекті қоздырып, партиялықты қолға алып, өтірік шағым айтып бірін-бірі жаптыру, тінттіру әр елде болды (М.Дулатов, Шығ.).