зат есім. 1. Мүшелік жарна (белгілі бір ұйымға мүше болғандығы үшін арнаулы мерзімде төленіп тұратын ақша). Ақша беріп жіберейін, кәсіподақ жарнамды төлей саларсың, келістік пе?! (З.Камалиденов, Фермаға кел). Профорг етіп сайлап едік, онда да түк бітірмеді. Жарна жинау да қолынан келмеді (З.Қабдолов, Өмір ұшқ.). Қарсы ұшар күшім бар әлі, Жете алсам, әттең, арманға! Төлеусіз кетіп барады, Партиялық жарнамда (Ж.Молдағалиев, Жиырма бес). 2. Пайдадан түскен үлес, түсімнің бір бөлігі, табыс. ...Барам, көрем қызды, көңіліме ұнаса, берем сұраған ақшасын, қанша сұрар дейсің, ең көп болғанда Атбасар жәрмеңкесінен алам ба деген түсімнің жүзден бір жарнасы ғана болар (С.Мұқанов, Аққан жұлдыз). Тәңірі шешер көңіліңнің ағын, балам, Жарна болар малыңды бақсаң, балам. Тілімді алмай барасың, ей, жүгірмек, Енді маған сен жоқсың кетсең, балам (Қозы Көрпеш.). 3. экономикалық. Табыс, артықшылықтар немесе өзге де сыйақылар алу және сақтау мақсатымен субъектінің шаруашылық мұқтаждары үшін белгілі бір құны бар активтерді жұмсау. Жарна банкке салынған ақшалай сомадағы салымдар немесе қымбат бағалы құндылықтар, кез келген коммерциялық емес ұйымға кіргені үшін төлемақы кез келген коммерциялық емес ұйымға қатысқаны үшін төлемақы (мүшелік жарналар), шаруашылық серіктестердің жарғылық капиталына өз үлесін төлеу түрінде жүзеге асырылуы мүмкін (Қаз. тілі. термин. Экология). Әдетте онда міндетті жарналар мен инвестициялық табыстың есепке алынуы, зейнетақы жарнасы сомасынан қордың комиссиялық алымдарды ұстауы және зейнетақылық салымдардың басқа қорлардан аударылғаны көрсетіледі («Егемен Қазақстан»). Пайдадан төленетін жарна әрбір кәсіпорын жұмысының сапасы мен финанс нәтижесіне байланысты (Қысқ. саяси экон.). 4. экономикалық. Пайдадан төленетін бір бөлік, төлемақы. Игілік жарнаның мөлшерін шамалап көрсе, төрт мыңдай жылқы сату керек екен (І.Омаров, Шабыт шалқары). 5. ауыспалы мағына. Өзіндік үлес, ерекше жаңалық. Мұнда өзінің бұрынғы музыкалық қазынасына Абай аулына барғаннан қосылған жаңа жарна бар екені сезіледі (А.Жұбанов, Замана). 6. ауыспалы мағына. Бөлік, тұтас нәрсенің бір көрінісі. Түнде жүрсең орман іші – үрейлердің ордасы, Ер жігіттің төленетін ерлігінің жарнасы (Е.Ибраһим, Оқжетпес).