1. Тұтынушылардың назарына іліктіру немесе қандайда бір сауалнама алу мақсатында тауар, өнер туындылары және қызмет түрлерінің қасиеттері туралы кең таратылып жария етілетін хабарлама. Жарнама көпшілік ақпарат құралдары (теледидар, радио, газет, Интернет, проспектілер, плакаттар т.б.) арқылы жүзеге асырылатын коммуникацияның ақылы түрі болып табылады. Жарнама шектеусіз адамдар тобына арналады және осы субъектілерге деген ықыласты қалыптастыруға, қолдауға және олардың іске асырылуына немесе фирма мен оның өнімінің беделін қалыптастыруға жәрдемдесуге тиіс (Қаз. тілі термин. Экономика.). Көрнекі ақпараттар мен жарнама тілін, мәдениетін реттеу мақсатында жарнама туралы заңды жетілдіру, яғни жарнама туралы заңға қосымша бір үлгідегі Ереже Үкімет тарапынан қабылдануын тездету («Егемен Қазақстан»).
2. Тұтынушылардың назарына іліктіру мақсатында тауар, өнер туындылары және қызмет түрлерінің қасиеттері туралы хабарламаны таратудың қағаз, радио хабарлама, бейнешығыршық, жазба мәтін т.б. түріндегі құралы. «Қатыгездікті, зорлықты, порнографияны насихаттайтын материалдарды таратуға немесе жарнамаларды насихаттау және үгіттеу үшін пайдалануға жол берілмесін» делінген. Бұл шариғат заңымен де тікелей үндесіп жатыр («Жас Алаш»). Сөйте тұра мемлекеттік тілдің басымдылығын журналист қала көшелеріндегі әртүрлі хабарландыру, билборд, жарнамалардың кез келген түрінің мемлекеттік тілде ілінгендігінен-ақ байқаған («Түркістан»). Газеттің бірінші бетінде сауда-саттық жарнамалары екен (С.Мұқанов, Шығ.).
3. Маңдайшаларда берілетін ұйым не мекеме туралы ақпарат. Ұланбатыр қаласының орталық көшелеріне жарнамалар, кейбір министрліктер мен ірі мекемелердің маңдайшасындағы атаулары қайтадан көне жазумен жазыла бастады («Парасат»). Өткен жыл Жетікөл мектебіне жолдама ала келгенмін. Бәрінің де төбесін қара қаңылтырмен түнікелеген егіздің сыңарындай бірінен-бірі аумайтын жатаған ақ тамдардың арасынан маңдайшасындағы жарнамасына қарап әзер тапқанмын (Н.Сералиев, Ыстық күлше). Есік маңдайшасындағы екі тілде жазылған «Облыстық жасөспірімдер кітапханасы» деген жарнама назарға ерекше ілігеді (Қаз. лексикасы қолд.).
4. Афиша спектакль, концерт, жиналыс, дәріс, спорттық жарыстар, ойын-сауықтар туралы қағаз хабарлама. Бір күні екі бала көшеде ермектесіп келе жатып, дуалға жапсырулы тұрған көп жарнамаларды көрдік (Ө.Тұрманжанов, Менің кітаб.). Қаладағы реклама, афиша,жарнамалар түгел дерлік ағылшынша жазылған (Т.Ахтанов, Үндістан.). Сөйтіп, 1992 жылдың 12 наурызы күні, Құдай қолдап, «Өттің дүниенің» премьерасы болды. Алматының әржерінде «Өттің дүниені» насихаттайтын үлкен-үлкен әдемі жарнамалар ілінді, радио үсті-үстінен пьесаның қойылатынын айтып хабар беріп жатты («Түркістан»). Оқудың шарттары туралы жарнама, хабарламалар берген («Қаз. әдеб.»).
5. Танымалдығын арттыру, жұрт назарына ілігу мақсатында біреу немесе бір нәрсе туралы таратылған мәліметтер. Әншінің жеке өмірі, тіпті айтуға болмайтын жасырын жайттарды да тауып алып жария қылып жатады, бұл да оған жарнама («Жас Алаш»). Он шақырымдағы қазақтар осы айтылған көп ақылдың қайсысын ұнатқанын, осы жарнаманы алып, қазақты аралаған казак-орыс мекемесінің төресіне білдірді (Ә Бөкейханов, Шығ.). // Жазбаша түрдегі, жарияланған. Ақмола губерниясынының губернаторының жария қылған жарнама бұйрығы екен (С.Сейфуллин, Таңд. шығ.).