Жарқылда

lat: Jarqylda

етістік. 1. Жарқ-жұрқ ету, жарқырап көріну. Солардың қатарында біз де жүрміз, Мәз болып құр түймеге жарқылдаған. Не пайда өнерің мен біліміңнен Тиісті жерлеріне сарп ұрмаған (А.Байтұрсынов, Шығ.). Орда басы. Алдаспан жарқылдайды, Қаз дауысты шешендер саңқылдайды. Талқыдағы тағдырлар таразыда Толқын тепкен қайықтай қалтылдайды (С.Мәуленов, Алыс кет.). Ақ болат сауыты жарқылдап, жал құйрығын көсілте Абылайдың өзі де шапты (І.Есенберлин, Жанталас.). 2. ауыспалы мағына. Ойнап-күлу, ашық-жарқын жүру; жайнаңдау. Бір күндерде Жамал кәміл бақытты бір қыз болып жұрттың аузына ілігіп, құрбысының алды болып жарқылдап жүрген дәрежеден түсіп, ақырында мұндай қадірсіз, мұндай кемшілікке душар болып, барымтаға түскен малдай біреуден біреу алып жүргенін көрген халықтан Жамалды аямаған жан қалмады (М.Дулатов, Шығ.). Бәйбішелер былқылдап, Ақпейіл шалдар аңқылдап, Ақкөңілдер жарқылдап; Бойжеткенің бұралып, Таналары жалтылдап (Дулат Бабатайұлы, Замана.). Қарғадан қарға туар қарқылдаған, Жақсыдан жақсы туар жарқылдаған. Дегендер: «Мен жақсымын» толып жатыр, Пайдасы өз басынан артылмаған! (Базар жырау, Шығ.).